844-2

Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы сауда көлемі 844,2 млрд долларды құрады

Ресей, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Армения мемлекеттерінен тұратын Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) сыртқы сауда көлемі 2021 жылы 4,6 пайызға ұлғайып, 844 миллиард 200 миллион долларды құрады.

28 Mayıs 2022 01:35

Қырғызстанда жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы өтті.

Саммитке Қазақстан Президентінен басқа Қырғыз Республикасының Президенті – ЖЕЭК төрағасы Садыр Жапаров, Арменияның Премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Ресей Президенті Владимир Путин, Еуразиялық экономикалық одақ жанындағы бақылаушы мемлекеттердің басшылары: Куба Президенті Мигель Диас-Канель және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Михаил Мясникович қатысты.

"Біз геосаяси жағдайға дайын болуымыз керек"

Қазақстан Президенті өз сөзінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің жаһандық және аймақтық сын-қатерлер жағдайында өзара күш біріктіре отырып, әлеуметтік-экономикалық кедергілерді сәтті еңсеретінін, макроэкономикалық тұрақтылық пен өсім қарқынын қамтамасыз ететінін атап өтті.

"Одақтың жұмысы басталған уақыттан бері Қазақстанның өзара сауда-саттық көрсеткіші 33 пайызға, ал экспорты 55 пайызға артты. Қазақстанда 15 мыңнан астам бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың саны артып келеді. Бұл қуанарлық жайт. Аталған көрсеткіштер біздің интеграциялық ықпалдастығымыздың табыстылығын көрсетеді. Ортақ күш-жігеріміздің алдағы уақытта да азаматтарымыздың игілігі жолындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың қарқынын дамытуға бағытталғаны маңызды деп санаймын. Мұны жаһандық сын-қатерлер алдындағы біздің «ұжымдық иммунитетімізді» нығайтудың кепілі деп білемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сыртқы сауда көлемі 4,6% - ға өсті

Садыр Жапаров одақтың сыртқы сауда көлемі 2021 жылы өткен жылмен салыстырғанда 4,6 пайызға артып, 844 миллиард 200 миллион долларды құрағанын айтты.

Биылғы жылдың алғашқы 4 айлық көрсеткіштері туралы айта келе, Жапаров одақтың жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 5,4 пайызға, экспорт-23 пайызға, импорт - 20,7 пайызға өскенін атап өтті.

"Санкциялық қысым әлсіремейді, керісінше өседі"

Беларусь Президенті Александр Лукашенко кездесудің күрделі геосаяси және экономикалық жағдайда өткенін атап өтіп: "Валюта және қаржы нарығындағы проблемаларды тоқтата алдық. Бірақ санкциялық қысым әлсіремейді, керісінше өседі. Санкциялардың салдары белгілі бір дәрежеде бәріне әсер етеді. Мен бәрі өздігінен өтеді деп санайтындарға тағы да айтамын; халықтарымыздың әл-ауқаты үшін біртұтас әрекет етуіміз керек."

Жаңалықтар