Алтын адам Анкарада

Анкарадағы көрме 12 қазан күніне дейін ашық.

1268730
Алтын адам Анкарада
Altın_Adam_Kazak_Kazakistan_kazakça
Altın_Adam_Kazak_Kazakistan_kazakça
Altın_Adam_Kazak_Kazakistan_kazakça

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі Түркияның бас қаласы Анкарада  Анадолы өркениеттер музейінде «Ұлы дала: тарих және мәдениет» көрмесін ашты.

Көрменің кешегі салтанатты ашылу жиынына  ҚР Ұлттық музейінің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы, Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Төтенше және өкілетті Елшісі Абзал Сапарбекұлы, Мұражайлар мен мәдени ескерткіштердің Бас директоры Гокхан Язгы, Түріксой Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов қатысты. Көрмеге Түркиядағы қазақстандық студенттер мен қазақ қандастар көп ықылас танытты.

Көрменің мақсаты – Қазақстанның тарихи-мәдени бай мұрасымен шетелдік көрерменді таныстыру. Көрмеге Қазақстан Республикасының символы саналатын «Алтын адам» қойылды.  

"Қазақстан әлемдік қауымдастықты өзіндік көшпелі өркениетімен және тарихымен ерекше қызықтырады. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық музейі жүзеге асырып отырған бұл жоба аясында Қазақстан тәуелсіздігінің символына айналған Алтын адам Еуропа, Азия және өзге де жиырмаға жуық мемлекеттің назарына ұсынылмақ. Түркия Республикасының Анкара қаласында ұйымдастырылып отырған бүгінгі көрменің мақсаты Еуразияның ұлы дала белдеуінде ерте темір дәуірінен қазіргі заманға дейінгі қалыптасқан тарихи-мәдени бауырлас Түркия еліне таныстыру болып табылады", - деді ҚР Ұлттық мұражайының директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Сонымен қатар А. Мұхамедиұлы көрмені ұйымдастыруға көмек көрсеткен Түркияның Мәдениет министрлігіне, Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Елшілігіне, Түрік мәдениетінің Халықаралық ұйымы Түріксой ұжымына алғыс білдірді.

Көрмеге Қазақстан Республикасы Ұлттық мұражай қорларынан барлығы 207 жәдігер қойылды. Қазақстанның ежелгі және ортағасырлық өнерінің жауһарлары – бұл Еуразия дала мәдениеті мұрасының өзіндік ерекшелігін көрсететін бұрынғының атаусыз шеберлері туындыларының аз ғана бөлігі.

Анкарадағы көрме «Алтын адамның әлем мұражайларына шеруі» халықаралық көрме жобасы аясында 2019 жылғы 12 қыркүйектен 12 қазанға дейін жалғасады.

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі халықаралық «Алтын адамның әлем мұражайларына шеруі» жобасын жариялаған болатын. Ауқымды шара шеңберінде осы күнге дейін Беларусь, Ресей, Әзірбайжан, Қытай, Польша және Оңтүстік Корея, Өзбекстан мұражайларындағы көрмелер үлкен жетістікпен өтті.



Ұқсас жаңалықтар