Қырғыз халық ақынының мерейтойы Анкарада тойланды

Ақынның жаңа кітабының да тұсауы кесілді.

1367791
Қырғыз халық ақынының мерейтойы Анкарада тойланды

Қырғыздың халық ақыны және Түріксойдағы Қырғызстан өкілі Қожагелді Құлиев 60 жасқа толды.  Оның елеулі мерейтойы Түріксойдың Анкарадағы бас ғимаратында ерекше атап өтілді.

Түрік мәдениеті мен өнерін әлемге таныстырған Түріксойдағы шарада сондай-ақ ақынның жаңа жарық көрген «Алақандағы әлем» және «Жүрек-мекен» атты кітаптарының да тұсауы кесілді.

Түріксой бас хатшысы Дүйсен Қасейіновтың басшылығында өткен жиынға Қырғызстанның Түркиядағы өкілетті және төтенше елшісі Қуанышбек Өміралиев, Түрікменстанның Түркиядағы өкілетті және төтенше елшісі Ишанқұлы Аманлиев, Қырғызстан Мәдениет, информация және туризм министрінің орынбасары Қайрат Иманалиев, Еуразия жазушылар одағы басшысы Якуп Өмероғлу, Түркияның түрлі қоғам өкілдері, Анкарадағы дипломатиялық миссия қызметкерлері,  өнерсүйер қауым қатысты.

Жиын ақынның суреттерінен тұратын видео роликтің көрсетілуімен басталды. Проф. Нажие Ата Йылдыз ханым беташар сөзін сөйледі. Ол өз сөзінде ақын Қожагелді Құлиевтің поэзиясы,  кітаптары мен шығармашылығы жөнінде кең мәлімет берді.

Қырғызстанның Түркиядағы елшісі Қуанышбек Өміралиев те ақынның 60 жылдық мерейтойына арнап Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков жолдаған жедехатты оқыды.

Дүйсен Қасейінов болса ақынның Түріксойдағы Қырғызстан өкілі ретінде ұйым мен Қырғызстан арасындағы іс-шара мен қарым-қатынастарға жаңа серпін бергенін атап көрсетті. «Қазақ ақындары Мағжан Жұмабаевұлы, Олжас Сүлейменов, Әзербайжан ақыны Имамеддин Несими, қырғыз ақыны Аликул Осмонов,  малқар ақыны Қайсын Құлиев, башқұрт ақын Мұстай Керимнің туындыларымен қоса, көптеген тілде кітаптардың жариялануында Қожагелдінің еңбегі ерен. Қырғызстанның бастамасымен Түріксой ұйымдастырған Токтогүл Сатылғанов, Жүсіп Баласағұни,  Шыңғыс Айтматовты еске алу жылдарындағы бағдарламалар шеңберінде атқарған істеріне баршамыз куәміз. Қырғыздардың замандас ақын және жазушылары Бексұлтан Жакиев,  Кенеш Жүсіпов және Төлеген Мамеевтердің туындыларын түрік тіліне аударуға басшылық жасады және кітап ретінде басылып шығуын қамдады. 2016 жылдан бері Қырғызстанда жүзеге асырылып келе жатқан «Бес ақын» теле бағдарламасын ойлап табушы. Ақын ретінде Қожагелді Құлиевтің Түріксойда жұмысқа келуінен бүгінге дейін өзгеше кезең болды деп айтуға болады» деді ол.

Қасейінов артынан ақынның жаңа кітаптарын таныстырды.  Оның «Алақандағы әлем» атты кітабы Әзербайжан, қазақ, қырғыз, өзбек,  түрік, башқұрт және саха тілдерінде басылды.

Баяндамасынан кейін Түріксой бас хатшысы ақын Құлиевке Түріксойдың Даңқ медалін табыс етті.

Айырықша ақынға Әзербайжан Мәдениет министрі Эбулфез Караев атынан марапат, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Раимқұлова атынан шапан мен Мақтау қағазы табыс етілді.

Шара қырғыз өнер қайраткерлері Исирадин Аманбаев, Түлекгүн Абылова және түрік саз шебері Юсуф Гүлдің шағын концертімен аяқталды.



Ұқсас жаңалықтар