Парижде «Ұлы дала: Мәдени мұра және әлем тарихындағы ролі» форумы басталды

Форумға 70 -ке жуық ғалым және ЮНЕСКО өкілдері қатысуда.

1201811
Парижде «Ұлы дала: Мәдени мұра және әлем тарихындағы ролі» форумы басталды

Халықаралық Түркі академиясының жиынына Америка Құрама Штаттары, Ресей, Үндістан, Қытай, Ұлыбритания, Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, Франция, Латвия, Голландия және Мажарстан сынды елдерден 70 -ке жуық ғалым және ЮНЕСКО өкілдері қатысуда.

 Түркі академиясының баспасөз қызметінен алынған мәліметке қарағанда, форумның салтанатты ашылу рәсімінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау хаты оқылды.

         Форумды ашып сөз сөйлеген Халықаралық Түркі академиясының президенті, тарих ғылымдарының докторы Дархан Қыдырәлі ҚР Тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының маңыздылығы туралы айтты. Сондай-ақ Академия жетекшісі өз сөзінде Ұлы даланың әлемдік өркениетке зор үлес қосқанын да атап өтті.   

     Форумға жиналған Қазақстандық және шетелдік ғалымдар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы Еуразия кеңістігіндегі тарихи үрдістерді жүйелеу мен оған жаңаша көзқарас тұрғысынан қарауда өте құнды екенін айтты. ЮНЕСКО -ның өкілдері мақаладағы жылқының қолға үйретілуі, Ұлы даладағы ежелгі металлургия және аң стилі сияқты құнды дүниелер әлемдік мәдениет пен өркениетте ерекше орны бар екенін мәлімдеді.  

Биылғы жиын түркі тілдес елдердің тарихында айрықша орны бар Алтын орда мен Моғолстанның құрылуына ықпал еткен Талас құрылтайының 750, Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» шығармасының жазылуының 950, ақын Имамеддин Насимидің 650 жылдығы секілді айтулы тарихи даталармен тұспа-тұс келіп отыр.   

 Форум аясында Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі халықаралық қауымдастыққа танымал бірқатар ғалымдарға академияның арнайы марапатын ұсынды. Атап айтқанда, Үндістанның Индира Ганди атындағы Ұлттық өнер орталығының (IGNCA) қызметкері, профессор Мансура Хайдар, Париж университетінің профессоры Ванда Дресслер, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры, академик Болат Көмеков, Түркия Республикасының ЮНЕСКО істері бойынша Ұлтық комиссиясының өкілі, профессор Оджал Огуз Халықаралық Түркі академиясының Алтын медалінің лауреаты атанды.

Іс-шара ЮНЕСКО Бас директорының қамқоршылығымен және ЮНЕСКО жанындағы Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан мен Түркияның Тұрақты өкілдіктерінің белсенді қолдауымен өтуде.



Ұқсас жаңалықтар