Түрік шайырларын қазақша сөйлетті

Светқали Нұржанның аудармалары жинақталған "Түрік шайырлары" атты жаңа кітабының тұсаукесері өтті.

1825639
Түрік шайырларын қазақша сөйлетті
Svetkali_Nurjan_şair_kazak_kazakça

Бүгін түрік елінің астанасы Анкараның қақ төрінде қазақтың ақиық ақыны Светқали Нұржанның аудармалары жинақталған "Түрік шайырлары" атты жаңа кітабының тұсаукесері өтті. Бұл – танымал ақынның 60 жас мерейтойының қарсаңында жарық көріп отырған сүбелі еңбек. Қаламгер түрік әулие ақындарының ең таңдаулы шығармаларын қазақша сөйлеткен. Атап айтқанда Мәулана Жәләладдин Руми, Юнус Эмре, Пір Сұлтан Абдал, Ниязы Мысыр Хазірет секілді ұлы ақындардың сөздері қазақ тілінде үн қатады. Алматыдағы "Ел-Шежіре" баспасынан жарық көрген жинақ екі тілде (қазақ және түрікше) оқырманға ұсынылып отыр.

Халықаралық түрік мәдениеті ұйымының Бас хатшысының орынбасары Доц. Др. Билал Чакыджы елеулі шараның беташарында сөз сөйледі. Ол ақынды мерейлі жасымен құттықтап, Түріксой шаңырағы астында кітабының тұсаукесерінің өткізіліп жатқанына бауырлас ел ретінде қуаныш сезімдерін жеткізді. Ол ақынды замандас қазақ поэзиясының беделді өкілі деп атап, қазақ халқының сезіміне тәржіман болып, қазақ куәлігі мен санасына өлеңдерінен орын бергенін атап көрсетті.

Сонымен қатар түріктің әулие шайырларының таңдамалы туындыларын қазақша сөйлеткен ақынның маңызды міндет атқарғанын баса айтты. Билал Чакыджы алдағы уақытта қазақ ақынының өз шығармаларын түрік тілінде оқудың нәсіп болуын да тіледі.

Сөз кезегін алған «Еуразия» жазушылар одағының басшысы Якуп Өмероғлу да қонақ ақынды жаңа жасымен құттықтай отырып,  60 жастың кемел жас екенін, алдағы ғұмырына денсаулық,  қазақ ұлтына өшпес туындылар беруді жалғастыруын тіледі.

Проф. Др. Осман Хората да қазақтың ақиқат жаршысы Светқали ақынның кітабын ерекше бағалады.

Түріксой қолдау беріп, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі және “Қазақ әуендері” АҚ бастамасымен өткен іс-шарада Әсем Ережеқызы мен Бекарыс Нүриманов секілді жастар ақынның жырларынан үзінді оқып берді.

Салтанатты шара барысында Түріксой ұйымының Бас хатшысының орынбасары Билал Чакыджы Светқали ақынға «Абай» медалін тақты.

"Түрік шайырлары" атты кітаптың тұсаукесерінде халықаралық Түріксой ұйымы мен «Қазақ әуендері» арасында ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойылды.



Ұқсас жаңалықтар