Айдынұлы Мехмет Бей

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 28

1298448
Айдынұлы Мехмет Бей

Малазгирт шайқасынан кейін және Көседағ шайқасынан кейін құрылған бейліктердің көпшілігі уақыт өте келе өз дербестіктерін жоғалтты. Дегенмен олар өз бақылауындағы аймақтарда айтарлықтай із қалдырды. Бүгінгі Түркия Республикасына дейін кейбір бейліктердің аттары әкімшілік атау ретінде сақталды. Солардың бірі және бірегейі Айдын аты болып табылады. Олай болса бүгінгі бағдарламамызда Айдынұлдары бейлігінің негізін қалаушы Мехмет Бей және оның ұрпақтарына тоқталамыз.

Айдынұлдары бейлігінің алғашқы билеушісінің толық аты-жөні Айдынұлы Мубаризеддин Гази Мехмет Бей. Қай жылы туғандығы және оғыздардың қай руынан болғандығы анық емес. Жалпы оның Гермиянұлдары әулетіне қызмет еткен маңызды қолбасшылардың бірі екендігі белгілі. «Гази» атағы оның аймақтағы мұсылман емес билеушілерге, дәлірек айтқанда Византияға қарсы соғыста абыройы биік болғандығын білдіреді. Бірақ та  бейлікке атын берген Мехмет Бейдің әкесі Айдын туралы өкінішке орай көп ақпарат жоқ.

Айдынұлы Мехмет Бейдің аймақтағы түрік бейліктерімен бірге әрекет еткендігі байқалады. Атап айтар болсақ, ұлы тұлғамыз Гермиян әулетінің бейі Якуп Бейдің «сүбашы» яғни қолбасшысы ретінде қызмет еткен. Оның міндеті Гермиянұлдары бейлігінің батысқа қарай жайылуына жағдай жасау болатын. Сонымен қатар Мехмет Бей Ментеше бейлігінен Саса Беймен бірге жорықтарға қатысты. Алайда Мехмет Бей 1308 жылы Византияның Бирги қаласын бағындырғаннан кейін өзінің тәуелсіздігін жариялады. Ұлы тұлғамыз қалаға әкесінің атын беріп, ол жерді өз астанасы қылып жариялады.

Осы жеңістен кейін Мехмед Бей Измирдің мұсылман бөлігін, Аясулук (бүгінгі Селчук), Тир, Султанхисар және Бодемияны басып алды. Осылайша, көп жерді иеленген Мехмет Бей бұл жерлерді бес ұлының арасында үлестіріп берді. Ал өзі ең кіші ұлымен бірге астанасы Биргиге яғни Айдынға қоныстанды. Айдынұлы Мехмет Бейдің ең маңызды жетістіктерінің бірі Аясулукта теңіз флотын құру болды. Осы флотымен 1319 жылы Сакыз аралына шабуыл жасап, ол жерді өзіне қаратты. Одан кейін екі жарым жылға созылған соғыстан кейін 1328 жылы Генуялық Мартино Зацариядан Измир портын басып алды. Ұлы тұлғамыз Измирдің билігін үлкен ұлы Умур Бейге тапсырды.

Осы арада Византия императоры Андроникос Сакыз аралын қайта басып алды. Аймақтағы түріктердің ықпалының барған сайын артып бара жатқанын сезінген император түріктермен одақ құру саясатын бастады. Осыған сәйкес Византия Айдынұлдары және Саруханұлдарымен келісім жасасты. Бұған қарамастан, Измирдегі Умур Бей әкесіне қарсы шығып, Сакыз, Бозжаада, Семадирек аралдары және Гумулжине өңірі, Мора жағалаулары және Гелиболу аймағына шабуыл жасауын тоқтатпады. Сонымен қатар, Умур Бей 1332 жылы Наксос герцогын салық төлеуге мәжбүрледі.

Мүбаризеддин Мехмет Бей 1334 жылы қайтыс болғаннан кейін  оның орнына Умур Бей шықты. Оның билігінің алғашқы күндерінде Венеция, Родос және Кипр флоттарынан құралған Крестшілер Флоты Измирді қайтару үшін шабуыл ұйымдастырды. Алайда бұл жорықтары сәтсіздікке ұшырап, ақырында 1334 жылдың қыркүйек айында шегінуге мәжбүр болды. Бұдан кейін Умур Бея 1335 жылы Саруханұлы Сүлейман Беймен Греция мен Мораға жорық жасап, Измирге көптеген олжамен оралды. Сол жылы Айдынұлдары Алашехирді өздеріне қаратты.

Умур Бей әкесінің Византиямен құрған ынтымақтастығын жалғастыруды жөн санады. 1336 жылы Мидилли мен Фоча әкімі Доминик Византия императоры Андроникосқа қарсы бүлік бастады. Император бұл бүлікке қарсы Сарухан және Айдынұлдарынан көмек сұрады. Түріктердің қолдауын алған Византия Мидилли мен Фочаны қайтарып алды. Сонымен қатар 1337 жылы Албанияда Византияға қарсы тағы бір көтеріліс басталды. Бұл көтерілісті Византия Умур Бей жіберген әскери көмек арқасында тыныштандырды. 1339-40 жылдары Умур Бей Византияның Қаратеңіз жорығына қатысып, Кили және Ефлак елдерін тонады. Қысқасы бұл кезеңде Айдынұлдары әулеті Жерорта теңізі және Эгей жағалауларындағы ең қуатты елге айналды. Аймақтағы Ерибоз, Мора, Крит, Родос және Фракия жағалауындағы елдер Умур Бейден сескенетін болды. Бұл кезде Айдынұлдары Византияның ішкі мәселелеріне де араласа бастады.

1341 жылы Византия императоры III. Андроникос қайтыс болғаннан кейін, оның он жасар ұлы Юаннис таққа шықты. Алайда оған қарсы қолбасшы Кантакузенос  Диметокада өзін император деп жариялады. Осы мәселеге Умур Бей де араласып, заңды императорды қолдау үшін 1343 жылы Румеліге әскер жолдады. Түріктердің Еуропа жағалауына көп әскермен шығуы христиандардың үрейін қашырды. Нәтижеде Латын Рим Папасы VI Клемент түріктерге қарсы кең ауқымды крест жорығын бастады. Жорыққа Генуя, Кипр Корольдігі, Родос және Наксос герцогы қатысты. 1344 жылы басталған крестшілер жорығына қарсы түрік бейліктері бірлесе соққы берді. Осы соғыстардың кезінде Измир порты бірнеше рет шабуылға душар болды. Ең соңында 1348 жылдың көктемінде Умур Бей Измирді жаулап алды. Бірақ ол қалаға шабуыл кезінде шейіт болды.

Он төртінші ғасырдың екінші жартысында Айдынұлдары Османлылармен жақсы қарым -қатынаста болды. Әдетте Айдынұлдары Османлылардың Румелідегі жорықтарына қолау көрсететін. Алайда Османдықтардың күшеюі және Әмір Темірмен текетіресі Айдынұлдарының Темір жағына шығуына себеп болды. Анкара шайқасынан кейін Айдынұлдары ықпалын арттырса да, ақырында 1422 жылы Османлылар Айдынұлдары бейлігін жаулап алып, бүкіл әулетті өлтіртіп жіберді. Осылайша Айдын ұлдары тарихы тәмам болды. Бірақ олар артында сәулет және жазба мұраларын қалдырды.

 



Ұқсас жаңалықтар