Әбілқасым Салтық Бей

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 18

1265045
Әбілқасым Салтық Бей

Түркияның бүгінгі аумағы Рим империясы мен Византия тұрғысынан Анадолы немесе Кіші Азия деп аталатын. Анадолы атауы латын тілінде «күн шығыс жері» деген мағынаны білдіреді. Ал Азия атауы гректер үшін Босфор және Дарданель бұғаздарының қарсы жағы деген мағынаға келетін. Он бірінші ғасырдың соңына қарай аймаққа түріктердің келе бастауымен бұл жердің атауы да өзгеріске ұшырай бастады. Бұл жерге келген түріктер үшін бұл ел Рим елі, сол кездің тілімен айтқанда Рұм елі болатын. Сондықтан да осында өз мемлекеттерінің шаңырағын көтерген Селчуклы әулетінің бір тармағы өздерін Селчук-и Руми яғни Рұм Селчуктары деп атай бастады. Ал түріктердің осы аймақта бағындырған алғашқы қаласы «Эрзу-рум» яғни «Рұм жері» деп аталып кетті. Бүгінгі бағдарламамызда осы қаланы өздерінің астанасына айналдырған Салтық Бейдің өмір жолын және оның бейлігін қарастырамыз.

Ұлы тұлғамыздың толық аты Әбілқасым Салтық Бей болып табылады. Ұлы Селчуклы сұлтаны Алпарсланның Малазгирт шайқасына қатысқан қолбасшыларының бірі еді. Шайқастан кейін Сұлтан Алпарслан Әбілқасым Салтық Бейге Эрузурум қаласын алуды тапсырады. 1071 жылы қаланы басып алған ұлы тұлғамыз бұл жерде 1072 жылы өз бейлігінің негізін қалайды. Дегенмен де түріктердің Эрзурум аймағына қоныс аударуы 1048 жылы басталған болатын. Сол жылы Сүлейманшахтың әкесі Құталмыш және өгей ағасы Ибрахим Инал Бейдің қолбасшылығындағы түріктер Пасинлер шайқасында Византиялықтарды жеңіп, Эрзурум қаласына дейін келген болатын. Алайда бұл кезде түріктер қалаға шабуыл жасамай шегініп кеткен еді. 1054 жылы Сұлтан Тұғрыл Бейдің қолбасшылығындағы түріктер қалаға дейін жақындап келеді. 1058 жылы Якут Бей деген түрік қолбасшы Эрзурум айналасындағы барлық ауылдарды өздеріне қаратты. Бірақ бұл кезде Византиялықтар қаланы өзіне қайтарып алады. Тек Малазгирт шайқасынан кейін қала түріктерге өтеді.

Әбілқасым Салтық Бей Анадолы Селчуклы мемлекеті тарихында да маңызды рол ойнаған. Мемлекеттің алғашқы билеушісі Құталмышұлы Сүлейманшах шығысқа қарай жорыққа кеткенде өз орнына ұлы тұлғамызды қалдырып кетеді. Сұлтанның жорықта қайтыс болуымен 1086-1092 жылдар аралығында Әбілқасым Салтық Бей мемлекетті уақытша басқарады. Осы жағдайға қарағанда ұлы тұлғамыздың Анадолы Селчуклы әулетінде өте ықпалды болғандығы байқалады.

Ұлы тұлғамыз Анадолыны билеп тұрған кезінде Ұлы Селчук Сұлтаны Мәлікшах Анадолыға Порсук Бей деген қолбасшысын қалың әскермен жіберіп, бұл жерді қайта өз қол астына алғысы келеді. Алайда Порсук Бей Әбілқасым Бейден жеңіліп қалады. Осыдан кейін Мәлікшах Анадолыға қарсы Бозан Бей деген қолбасшысын жібереді. Тағы бір қақтығыстың алдын алу үшін Әбілқасым Бей Иранға көптеген сыйлықтармен барады. Мәлікшахпен кездесуінде Бозан Бейдің кері шегіну шартын талап етеді. Бұл келіссөздердің нәтижесінде Анадолы мемлекеті дербестігін сақтап қалады. Бірақ та ұлы тұлғамыз еліне қайтып келе жатқан жолда қайтыс болады.

Енді басқа бір аңыз бойынша, Әбілқасым Салтық Бей 1102 жылы өз өлімімен қайтыс болады. Бірақ оның құрған мемлекеті тағы бір жүз жыл өмір сүреді де 1202 жылы Анадолы Селчук мемлекетіне сіңіп кетеді. «Елу жылда ең жаңа, жүз жылда тамам» деген осындайда айтылса керек. Осы уақытта Салтық бейлігі шығыс Анадолыда елеулі күшке айналады. Әсіресе, бұл бейлік жаңа мемлекеттің Кавказға қарай кеңеюіне жағдай жасайды. Бейліктің негізгі жауы Грузия корольдігі еді. Сондықтан Әбілқасым Салтық Бей бүгінгі Карс аймағы үшін грузиндермен соғысып өтеді. Тіпті ұлы тұлғамыздың ұрпақтарының бірінің Грузияның атақты патшайымы Тамараға ғашық болғандығы және оған үйленгендігі белгілі. Қорыта айтқанда, Малазгирт жеңісінен кейін Әбілқасым Салтық Бей Анадолы Селчуклы сұлтаны Құталмышұлы Сүлейманшахтың қарамағындағы ықпалды бейліктердің бірін құрады.

Әбілқасым Бейден кейін Салтық Бейлігін Мәлік Алааддин Али, Мәлік Иззеддин Салтық, Мәлік Насреддин Мехмед және Мәлік Рукнеддин Мәлікшах деген ұрпақтары билейді. Бейліктің тағы бір ерекшелігі бұл жерде әйел билеушілердің де бас болуы болып табылады. 1191 мен 1200 жылдар аралығында бейлікті Мәлік Насреддин Мехмеддің қарындасы Мама Хатун билегені мәлім. Бұл жағдай Салтық Бейлігінің бұл кезеңде әлі далалық және түркілік ел билеу дәстүрінен айнымағандығын көрсетеді. Еске түсіре кетсек, Ұлы далада әйелдердің билікте айтарлықтай салмағы болса, араб әлемінде әйелдер адам қатарына да қойылмайды. Осыған қарағанда, Салтық Бейдің ұрпақтарының түркілік тәрбиемен өскендерін аңғаруға болады. Дегенмен, Салтық әулетінің оғыздардың қай руынан екендігі әлі күнге дейін белгілі емес.

Салтық әулеті билігі кезінде Эрзурум қаласы халықаралық сауданың орталығына айналды. Сондықтан қалада және оның айналасындағы шағын кенттерде сәулет өнері дами түсті. Мысалға атап өтсек, сол дәуірден бүгінге дейін аман-есен жеткен жәдігерлердің арасында Қала мешіті, Тәпсі мұнара, Ұлы мешіт пен бірнеше кесене Салтық әулетінен шыққан билеушілері салдырған ғимараттары болып есептеледі. Тержан қаласындағы Мама Хатун керуенсарай және кесенесі сол кезеңнің өте маңызды құрылыстарының бірі екендігінде дау жоқ.

Қорыта айтқанда, Салтық Бей әулеті Эрзурум маңының түріктенуінде басты рол ойнаған. Олардың түркілік ел басқару түсінігі нәтижесінде аймақтағы армяндар мен грузиндер Ислам дінін қабылдап, түріктеніп кетті. Сондықтан да Салтық Бейлігін Анадолы тарихының маңызды кезеңі деп атасақ жаңылмаймыз.



Ұқсас жаңалықтар