Гермияндық Әлішерұлы Якуп Бей

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 29

1298449
Гермияндық Әлішерұлы Якуп Бей

Түркия Республикасының әрбір облысының өзіндік терең тарихы бар. Бұның себебі бұл облыстар Рим және Византия империяларының кезінде тіптен одан да бұрын қала мемлекеттер болған. Селчуклы мемлекетінің ыдырау кезеңінде бұл жерлерге түріктер орналасып, жеке-жеке бейліктер құрыла бастады. Әсіресе моңғолдардың осы өңірге аяқ басуымен шығыс Анадолыдағы қалың түрік батысқа қарай жылжи бастады. Осы үдерістің нәтижесінде Батыс Анадолыда көптеген бейліктер құрылды. Осы бейліктердің ең маңыздыларының бірі – Гермиянұлдары әулеті. Олай болса бүгінгі бағдарламада Гермияндық Якуп Бей туралы сөз қозғаймыз.

Гермиян әулетінің тегі туралы әр түрлі көзқарас бар. «Гермиян» атауының парсы тілінде «жылы» деген мағынаны білдіргендіктен кейбір ғалымдар бұл әулетті парсы, ал кейбіреулері де күрт деп ойлайды. Бірақ олардың не оғыздардың Афшар руынан немесе Жәлеледдин Хорезмшахпен бірге Түркістаннан келген қаңлы руынан да болуы мүмкін. Қалай болғанда да олардың түрік текті ру болғандығы айқын.

Гермиянұлдары бейлігі Селчуклы кезеңінің соңына қарай Күтахия аймағында құрылған бейлік болып табылады. 1233 жылы І Алааддин Кейкубат кезінде Византиядан алынған Күтахияға түріктер көше бастады. Бұл көштерді жылдамдатқан екі оқиға болды. Бұның біріншісі – 1239 жылғы Сивастағы Баба Ысқақ көтерілісі. Селчуклы билігіне қарсы болған бұл көтеріліске Гермиян әулетінің де қатысқаны белгілі. Осы себепке байланысты Селчуклы сұлтандары әулетті жазалау үшін оларды батысқа қарай жер аударған болуы мүмкін. Екіншісі – 1243 жылғы Көседағ шайқасында Селчуклылардың моңғолдардан жеңілуі болды. Бұл жеңіліс түріктердің жаңа легінің батысқа аууына себеп болды. Батыс Анадолыға көшкен әулеттердің арасында Гермиянұлдарының болғандығы анық.

1260 жылдары әулеттің Селчук мемлекетінде ықпалының артқанын байқаймыз. Өйкені 1264 жылы Селчук бас уәзірі Мұғинуддин Сүлейман Перване билікке қарсы шыққан бейлерді моңғолардың көмегімен өлтіртеді. Осы бейлердің арасында Гермияндық бейлердің де болғандығы белгілі. 1277 жылы Жимри оқиғасында Гермиянұлдарының белсенді болулары олардың ықпалдарының едәуір болғандығын көрсетеді.

Он үшінші ғасырдың соңына қарай Гермиянұлдарының орталық билікке наразылығының артқандығын аңғарамыз. 1288 жылы Гермиянұлдары Селчуклы сұлтаны II Ғияседдин Месудқа қарсы шығады. Осы көтерілісті жаншу үшін жіберілген Селчуклы және моңғол біріккен қолы мен Гермиянұлдары арасында бүгінгі Денизлі қаласы маңында шайқас болады. Деректерге қарағанда бұл шайқаста Гермиян әулетінің басында Кәримуддин Әлішер Бей болған. Тіпті шайқаста оның қызынан тарайтын немересі Бедреддин Мұраттың қаза тапқандығы да айтылады. 1289 жылға дейін жалғасқан текетіресті Гермиянұлдары жеңіп, Денизліні өздеріне қаратады. Осы мәліметтерге қарағанда Гермиянұлдары 1290 жылдары Күтахия мен Денизлі өңірінде жойқын күшке айналып, осы жерлерде өз билігін орнатқан ұқсайды.

Ұлы тұлғамыз Якуб Бей Кәримуддин Әлішер Бейдің ұлы болып келеді. Гермиян әулетінің алғашқы дербес бейі болып табылатын Якуб Бей туралы алғашқы ақпарат 1299 жылы орнатылған Анкараның Қызылбай мешітінің ескерткішінде кездестіреміз. Осыған қарағанда әулеттің билігі Анкараға дейін кеңейген болып табылады. Якуп Бейдің билігі 1300 жылдан басталып, 1340 жылға дейін жалғасады. Осыған байланысты бейліктің құрылу жылы 1300 жыл болып есептеледі. Бұл кезең Гермиян әулетінің ең қуатты кезеңі болып саналады.

XIV ғасырдың басында солтүстік көршілері Османлы бейлігінен тыс Айдын және Измир аймағындағы, Анталия мен Ыспарта өңіріндегі және Сакария аңғарының жоғарғы бөлігіндегі түрік бейліктері Германиянұлдарына бағынышты еді. Бұл жерлерді «Якуб елі» деп көрсеткен Ибн Фазлуллах әл-Омаридің айтуынша, Гермиян билеушісі барлық түрік бейліктерінің ішіндегі ең үлкені болып табылады және бүкіл елге астанасы Күтахия қаласынан билік жүргізеді. Якуп Бейдің ықпалды билеушілер сияқты әмірлері, уәзірлері, қазылары, қазыналары мен сарайлары болғандығы мәлім. Хайдар Уриянның деректерінде Гермиянұлдарының 40 мың атты әскері болғандығы айтылады. Генуялық Балабан Гермиян бейлігінің соғыс кезінде атты және жаяу 200 мың әскер шығара алатындығын жазады. Бұл сан әрине Гермиян әулетіне бағынатын барлық Айдын, Ментеше және Сарухан күштерін қамтиды.

Якуб Бейдің Византиямен қарым-қатынасының әр қилы болғандығы байқалады. Византия тарихшысы Грегорас Гермияндық Әлішер ұлы Якубтың Ішкі Фригия мен Филадельфияны (бүгінгі Алашехир) және Мендерес өзені жағасындағы Антохия аймағын басып алғандығын жазады. Бұл жерден Якуп Бейдің византиялықтармен соғысып, Мендерес өңіріне жорық жасағанын аңғаруға болады. Ұлы тұлғамыз Мендерес өзенінің маңындағы Триполис қаласын жаулағаннан кейін Саса Бей және Айдын әулеті күштерінің қолдауымен Алашехирді қоршауға алғандығы белгілі. Византия императоры Анадолыдағы соңғы жерлерін қорғау мақсатында бұл аймаққа жалдамалы Каталан әскерлерін жолдайды. 1304 жылы болған шайқаста  Гермиян қолы Каталандардан жеңіледі. Дегенмен 1314 жылы Якуп Бей Византияны салық төлеуге мәжбүрлейді. Византияның Якуп Бейге жыл сайын 100 мың динарлық салық пен құнды заттар беріп тұрғандығы белгілі.

Якуп Бейдің Елхандармен де қатынасы шиеленісті болған. 1314 жылы ұлы тұлғамыз Елхандық Олжайту Хан жіберген Әмір Шобанға адалдық танытып, оның билігін мойындау үшін Ерзинжан мен Сивасқа барғаны мәлім. Ал Шобанұлы Темірташтың билігі кезінде Якуп бей өз алдына әрекет еткендігі байқалады. Мысалға Темірташтан қашып барған Қарахисар әмірін Якуп Бей Елхандарға қайтармай қояды. Якуп Бейдің ұрпақтары Османлылар және Қараманлылармен текетіресіп өтсе де, ақырында Гермиян бейлігі Османлылармен құда болып, оларға бағынады.    



Ұқсас жаңалықтар