Ексүкұлы Артық Бей

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 19

1265051
Ексүкұлы Артық Бей

Малазгирт шайқасынан кейін құрылған бейліктердің көпшілігі жүз жылдан кейін, ал кейбіреулері әрі кеткенде екі жүз жылдан кейін Анадолы Селчуклы сұлтандарына толықтай бағынды. Мысалғ, осы бейліктердің ең мықтысы болған Данишменд әулеті 1071 жылы құрылып, 1178 жылы ыдырады. Сол сияқты Салтық Бей құрған бейлігі 1102 жылынан 1202 жылға дейін өмір сүрді. Ал Мәңгүжек бейлігі 1072 жылы құрылып, екі жүз жылдан кейін 1277 жылы жойылды. Тек қана Артық Бейдің құрған әулеті 1102-1409 жылдар аралығында өмір сүріп, Селчуклы кезеңімен бірге Османлы кезеңіне куә болған бейлік болды. Ендеше, бүгінгі бағдарламамызды осы үш жүз жылдық бейліктің құрушысы Артық Бей туралы сөз қозғаймыз.

Ұлы тұлғамыз Малазгирт шайқасына қатысқан Сұлтан Алпарсланның маңызды қолбасшыларының бірі болып табылады. Оның шығу тегін кейбір ғалымдар оғыздың Кайы руы десе, көпшілік ғалым оның оғыздың дөгер руынан шыққандығын жазады. Әкесі Ексүк Бей беделді рубасы болған. Осыған қарағанда Артық әулетінің Селчук мемлекетінің қалыптасуында маңызды рол ойнағандығын болжай аламыз. 1063 жылы Артық Бей Сұлтан Селчуклы мемлекетінің қызметінде болғандығы және маңызды шайқастарға қатысқандығы белгілі.

Малазгирт шайқасынан кейін Артық Бей Құталмышұлы Сүлейманшахтың тапсырмасымен Анадолыны билігіне алуын жалғастырады. Оның қолбасшылығындағы түріктер 1074 жылы Йешил Ырмақ аңғарын басқаша айтқанда Сивас, Токат және Амасия қалаларын алады. Бұл өзен аңғарындағы жайылымдар көшпенді түріктердің мал шаруашылығы үшін маңызды еді. Одан әрі ілгерлеген Артық Бей Қызыл Ырмақ аңғарын да бағындырып, Изник қаласына дейін жетті. Басқаша айтқанда ұлы тұлғамыз Анадолы Селчук мемлекетінің қалыптасуына да көп үлес қосты.

Сұлтан Алпарслан қайтыс болғаннан кейін таққа ұлы Мәлікшах шыққан болатын. Бірақ сұлтанның інісі Қара Арслан Қауырт Бей Мәлікшахқа қарсы бүлік бастаған еді. Осы бүлікті жаншу үшін Артық Бей Анадолыдан Иранға қайтуға мәжбүр болды. Осыдан кейін ұлы тұлғамыз Анадолыдағы басқа бейлермен бірге Византияға қарсы бүлік бастаған Норман әскерлерінің қолбасшысы Урселиусқа қарсы соғысты. Осы соғыстарға қарағанда Артық Бей және оның  сарбаздарының өте ықпалды болғандығы байқалады.   

Алайда осы кезде Сүлейманшах пен Артық Бей арасында бір жанжал шығады. Бұл жанжалдың неден шыққандығы туралы нақты дерек жоқ. Қалай болғанда да, осы жанжалдан кейін Сүлейманшах Артық Бейді Сұлтан Мәлікшахқа арызданады. Осыдан кейін ұлы тұлғамыздың қол астындағы Йешил Ырмақ аңғары Сүлеймахшахтың нағашысы Данишменд Газиге беріледі. Осыған қарағанда жанжалдың негізінде жер дауы жатқан болуы мүмкін.

1076 жылдан бастап Сұлтан Мәлікшахтың қызметінде болған Артық Бей бүгінгі Иран-Ирак шекарасындағы Хулуанға әкім болып тағайындалды. Оған Ахса мен Бахрейнде бүлік шығарған карматилермен күресу тапсырылды. Артық Бей 1076 жылы Басраға 7000 жауынгерлік күшімен барып, карматилермен үш жылдай соғысты. Ақырында оларды Селчуклы мемлекетіне бағындырды. 1079 жылы Мәлікшахтың інісі Тажыдәуле Тұтыштың қолбасшылығында Сирия жорығына қатысты. Осы жорықта л-Жабел аймағын бағындырды.

1083 жылдың маусым айында Артық Бей Сұлтан Мәлікшахтың бұйрығымен  Фахруддәуле Мухаммад бин Жахирдің қолбасшылығында Диярбакырға қарай жорыққа шықты. Алайда қолбасшы Фахруддәулемен келіспей қалып, әскерлерімен соғысқа бармай, Синжарға кетіп қалды. Содан кейін Сұлтан Мәлікшахтың Мосул қаласын қоршауына қатысты. Осы кезде сұлтанның інісі Текеш Мерверрүзде бүлік шығарды. Артық Бей бұл бүлікті басуға да атсалысты. Бірақ та осы кезде Сұлтан Мәлікшахпен арасы бұзылып,  Сирия мен Палестинадағы Селчук билеушісі Тұтыштың қызметіне кірді.

1085 жылы Тұтыш әкесі Алпарсанның тәжірибелі қолбасшысы Артық Бейді Иерусалимге әкім қылып тағайындады. Сонымен қатар, оған Серхад қаласының билігін берді. Осы кезде Мосул әміршісі Мүслим Сұлтан Мәлікшахқа қарсы одақ құра бастады. Артық Бей осы одаққа кірді. Бірақ түрлі себептерге байланысты бұл одақ  іске аспай қалды. Дегенмен бұл жағдай Артық Бей мен Сұлтан Мәлікшахтың қатынасын одан әрі шиеленістіре түсті.

Артық Бей Сирияда болған кезінде Анадолы Селчук мемлекетінің сұлтаны Құталмышұлы Сүлейманшах Антакияны өзіне қаратып, Халебке қарай жорыққа дайындалып жатқандығы хабары келді. Артық Бей Тұтышпен бірге Халепті қорғауға қатысты. 1086 жылы Анадолы Селчук түріктерімен Сириядағы Селчуктардың арасында шайқас болды. Шайқас Артық Бейдің соғыс тактикасы және тәжірибесі арқасында Тұтыштың пайдасына шешілді. Осы шайқаста Сүлейманшах қайтыс болды.

Анадолы мен Сирия арсындағы бұл дағдарысты шешу үшін Мәлікшах аймаққа қалың қол жолдады. Артық Бей бұл қолға қарсы күресуді ұсынса да, Тұтыш Шамға қарай шегініп кетті. Осыдан кейін 1087 жылы Артық бей мен Мәлікшахтың бітіскендігі туралы мәлімет бар. Өйткені осы жылы ұлы тұлғамыз Бағдатқа барады. 1091 жылы Иерусалимде қайтыс болған Артық Бей өмірінің соңғы жылдарында осы қалада әкім болып қызмет етті.

Ұлы тұлғамыз қайтыс болғаннан кейін, оның ұрпақтары Мардин, Харпут және Хүснүкейфа қалаларын бағындырып, ол жерлерде өз шаңырақтарын көтерді. Осы үш қалада қалыптасқан Артық Бейдің Сөкменилер, Елгазилер және Харпут Артық әулеті он бесінші ғасырға дейін өз биліктерін сақтай білді. Сондықтан да Ексүкұлы Артық Бейді тек Анадолының ғана емес, бүкіл аймақтың тарихында маңызды рол ойнаған ұлы тұлға деп айтуға негіз бар.  



Ұқсас жаңалықтар