Ментеше Бей

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 27

1298438
Ментеше Бей

Он үшінші ғасырдың ортасынан бастап, Анадолыдағы түрік бейліктерінің аумағы батысқа қарай кеңейе бастады. Бұның бірнеше себебі бар екендігі белгілі. Біріншіден, Хорезмшах мемлекетінің ыдырауы Анадолыға жаңа бір көш легін әкелді. Екіншіден, Иранда Құлағу Ханның құрған Елхан мемлекетінің Анадолыдағы саясаты шығыс және орта Анадолыдағы түріктердің батысқа қарай көшуіне себеп болды. Үшіншіден, осы кезеңде Византияның әлсіруі де түріктердің батысқа қарай жылжуына жол ашты. Осы кезеңде Конияның батысынан Эгей теңізі жағалауларына дейін Селчук сұлтандары тарапынан «ұш бейлік» яғни «шекарадағы бейлік» болып аталатын жаңа әулеттер шаңырақ көтерді. Осылардың бірі және бірегейі Ментеше Бейдің құрған бейлігі болатын.

Ұлы тұлғамыз он үшінші ғасыдың орта шенінде туылып, шамамен 1293 жылы қайтыс болған. Ғасырдың екінші жартысында бүгінгі Түркияның Мула өңірінде өз бейлігін құрған. Оғыздардың қай руынан тарайтындығы белгілі емес. Кейбір деректер Ментеше Бейді өзінің адамдарымен теңіз жақтан келіп, бұл жерді жаулады десе, енді басқа деректер олардың Анадолының іш жағынан барғандығын айтады. Ұлы тұлғамыздың аты туралы да әр түрлі пікірлер бар. Кейбір ғалымдар Ментеш атының Мула аймағындағы көне қала Миндустан келгенін айтады. Ал кейбір ғалымдар осы жерде өмір сүрген Әулие Меностан шыққандығын жазады. Алайда Анадолы мен Рұмелінің кейбір жерлерінің «Ментеш», «Ментеше» деп аталуы бұл аттың түрікше болуы мүмкін деген ойды тудырады.

1261 жылдан бастап Ментеше бейлігі тарихи деректерде кездесе бастайды. Бұл кезде бұл бейлік солтүстікте Айдын әулетімен, солтүстік шығыста Инанч әулеті және Гермиян әулетімен, шығысында Хамид бейлігімен, ал оңтүстік шығысында Текеұлдарымен шекараласып жатқан болатын. Ментеше бейлігінің батысы мен оңтүстігін Эгей және Ақтеңіз шайып жатты.

Ментеше Бейлігінің жері Мула, Печин, Милас және Балаттан Эгей жағалауына дейін созылып жатты. Византияның дерек көздерінде Ментеше Бейдің 1272 жылы Тралес яғни бүгінгі Айдынды және Нисса яғни бүгінгі Сұлтаншисарды басып алғандығы айтылады. Бұл кезеңдерде Ментеше Бей және оның қарамағындағы  түркімендердің Селчук сұлтандары атынан әрекет еткендігін айта кету керек. Басқаша айтқанда бұл кезеңде Ментеше Бей Селчуклы әулетіне бағынышты болатын. Бірақ Селчук әулетінің Елхандарға бағынышты болуы және Құлағу хан ұртақтарымен бірге билік құруы Анадолы бейліктерінің Селчук әулетіне деген сенімінің жоғалуына себеп болды. Мысалға, Қараман әулетінің Конияны қоршауынан кейін Елхан билеушісі Гейхату 1261 жылы аймаққа жорық жасап, талан-тараж жүргізеді. Осы жорықтан Ментеше бейлігі де зардап шегеді. Осы оқиғалардан кейін Анадолы бейліктері дербес әрекет ете бастайды.

Ментеше Бей қайтыс болғаннан кейін оның ұлы Месуд Бей әулеттің басына өтеді. Месуд Бей 1300 жылы Родос аралының маңызды бөлігін басып алды. Сол жылдары Крит пен Ментеше Бейлігінің арасында сауда-саттық қатынастар басталды. Кейінірек, 1308 жылы Хоспитал рыцарлары Родос аралын басып алады. Бірақ рыцарлардың 1311 жылы генуялық саудагерлердің мүлкін тәркілеуі генуялықтар мен Ментеше бейлігінің одақ құруына себеп болды.

1319 жылы Месуд Бей қайтыс болғаннан кейін оның орнына алты ұлының бірі Шуджауддин Орхан тағайындалды. Орхан Бейдің кезеңі әулеттің ең жарқын кезеңі болып саналады. Он төртінші ғасырдың алғашқы жартысында Ментеше Бейлігінің Ақтеңізде маңынды күшке айналғандығы байқалады. 1333 жылы Батыс Анадолыны аралаған саяхатшы Ибн Баттута Балат қаласында Орхан Беймен жолығып, оны өз еңбегінде «Милас сұлтаны» деп атаған.  Ал саяхатшы Ибн Фазлуллаһ әл-Өмери Орхан Бейдің қалалары мен оған тиесілі сарбаздар туралы мәлімет берген. Оның мәліметіне сүйенсек, Орхан Бейдің қарамағында елу қала, 200 қамал және 100 мың сарбаз болған. Бұл мәлімет аймақтағы түрік халқы мен қоныстану сипатын көрсету тұрғысынан маңызды.

Он төртінші ғасырдың орта шенінде Еуропадан келген крестшілердің флоты Анадолы жағалауларына шабуыл жасады. Крестшілердің теңіз арқылы жасаған бұл шабуылдарының маңызды салдары болды. Біріншіден, бұл жағдай аймақтағы түрік бейліктерін әлсіретсе, екіншіден, түбектің ішкі жағындағы Османлылардың күшеюіне жағдай жасады. Ментеше бейі Ибрахим Бейдің кезінде крестшілер 1344 жылы   Айдынұлдарынан Измирді тартып алды. Осыдан кейін Ментеше Бейлігі мен Крит арасындағы сауда-саттық біраз уақыт үзілді. Ментешеұлдары Айдын әулетімен одақ құрып Критке шабуыл жасады. Ибрахим Бей 1350 жылы Измирді қайтару үшін соғысуға дайындық жасады. Бірақ осы кезде Венециалықтар бейлікке флотымен шабуыл жасады. Осыдан кейін 1352-1355 жылдары Ибрахим Бей бітімге келуге мәжбүр болы.

Ғасырдың соңында Ментеше бейлігі Анадолыдағы маңызды оқиғаларға да өз үлесін қосты. 1390 жылы Ментеше әулеті Қараманұлдарының Османлыларға қарсы ұйымдастырған одағының құрамында болды. Бірақ бұл одақ 1391 жылы жеңіліске ұшырағаннан кейін бейлік Османлылардың құрамына өтті. Ал Ментеше бейі Ілияс Бей Әмір Темірді паналады. 1402 жылғы Анкара шайқасында Османлы сұлтаны Йылдырым Баязит Әмір Темірден жеңілгеннен кейін Ментеше Бейлігі қайта дербес бейлікке айналы. Тек 1424 жылы ғана Ментеше бейлігі толығымен Османлылар тарапынан жауланды.

Қорыта айтқанда, Ментеше бейлігі Анадолы тарихында маңызды рол ойнады. Милас қаласы Ментешеұлдарының астанасы болды. Миластың жанында орналасқан Печин бейліктің жазғы астанасы еді. Ал Балат қаласы еуропалық саудагерлер үшін маңызды портқа айналды.



Ұқсас жаңалықтар