07 Haziran 2022 01:34
Түркияның президенттік аппараты жанындағы Ұлттық кітапханасында ұйымдастырылған салтанатты шараға Түркия Республикасының Сыртқы істер министрі Мәуліт Чавушоғлу, Әзірбайжанның Сыртқы істер министрі Джейхун Байрамов, Әзірбайжан, Беларусь, Гүржістан, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Тәжікстан, Түркіменстан, Украина және Өзбекстанның Түркиядағы елшілері мен дипломатиялық миссиялардың өкілдері қатысты.
Іс-шарада сөз сөйлеген Түркияның Сыртқы істер министрі Чавушоғлу Түркия мен аталған елдер арасындағы достық қатынастар ғасырлар бойы жалғасып келе жатқанын атап өтті.
Министр Ресей-Украина соғысына тоқталды. "Өкінішке орай, соңғы уақытта біз бірқатар сынақтарға тап болып келе жатырмыз. Украинадағы соғыс бәрімізге әсер етуде. Біз басынан бастап соғысқа қарсы екенімізді айттық. Украинаға қолдау көрсетуді жалғастырамыз, сондай-ақ мәселені дипломатиялық жолмен шешуге көмектесеміз", - деді ол.
Чавушоғлу осы аптаның сәрсенбі күнінде Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Анкараға келетінін айтты.
Министр соғыстың Еуропада энергетикалық дағдарыс тудырғанын атап өтті. "Оның әсерін жою үшін бірқатар балама нұсқалар қарастырылады. Осыған байланысты Әзірбайжан өте маңызды жауапкершілікті өз мойнына алады." - деді Чавушоғлу.
Сонымен қатар Түркияның СІМ басшысы Түркия-Қазақстан-Түркіменстан Сыртқы істер министрлерінің үшжақты кездесуі өтетінін атап өтіп, осы кеңесте энергетика мәселелеріне ерекше назар аударылатынын айтты.
"Түркі мемлекеттері ұйымы - өзара ынтымақтастықтың көрнекті жемісі"
Чавушоғлу Түркия, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан және Түркіменстан арасындағы қатынастар "бірлескен ынтымақтастығымыздың айқын жемісі," - деп жалғастырды.
Министр 27 маусымда Бакуде Түркия, Әзірбайжан және Қазақстан Сыртқы істер және көлік министрлерінің отырысы өтетінін хабарлады.
Іс-шара концерттік бағдарламамен аяқталды.