Қазақстан Ресейге қатысты санкциялардан зардап шекпеу үшін АҚШ-пен келіссөздер жүргізуде

Қазақстан мен АҚШ арасында Адам құқықтары мен демократиялық реформалар мәселелері бойынша жоғары деңгейдегі диалог бойынша алғашқы отырыс өтті.

12 Nisan 2022 16:39

Нұр-Сұлтан қаласында өткен кездесуге АҚШ СІМ Азаматтық қауіпсіздік, демократия және адам құқықтары кеңесшісі Узра Зея және Қазақстан Президентінің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі Ержан Қазыхан, сондай-ақ Қазақстан Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин қатысты.

Кездесуде екіжақты қатынастар мен Ресей-Украина соғысының өзекті мәселелері, сондай-ақ азаматтық қоғамды дамыту, діни сенім бостандығы, әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін нығайту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және тәуелсіз сот жүйесі сияқты мәселелер талқыланды.

Жиналыстан кейін ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында Зея АҚШ ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың елді жаңғыртуға бағытталған реформаларын қолдайтынын және Қазақстан - тұрақты түрде дамып келе жатқан, Орталық Азия үшін аса маңызды ел екенін мәлімдеді.

Зеяның мәлімдеуінше, Ресейге қарсы қабылданған санкциялардың теріс салдарын жеңілдету үшін арнайы шаралар қабылдануда.

"Біз барлығымыз Ресейдің негізсіз және әділетсіз оккупациясына байланысты халықаралық дағдарысқа тап болдық. Біздің санкцияларымыз президент Путинге (Ресей президенті Владимир Путин) және халықаралық саясатты тұрақсыздандыруға мүмкіндік беретін кейбір ресейлік шенеуніктерге бағытталған. АҚШ үкіметі одақтастар мен серіктестерді, соның ішінде Қазақстанды да санкциялардың жағымсыз салдарынан жеңілдету үшін қадамдар жасауда." - деді ол.


Рахметуллин, әлемдегі ең ұзын құрлық шекарасына ие Қазақстан Ресейге қатысты санкциялардан зардап шеккенін айтты. "Америкалық тарап біздің (Ресеймен) өзара тәуелді нарығымыз және экономикамыз бар екенін түсінеді және санкциялардың қазақ экономикасына әсерін жұмсартуға тырысуда. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады." - деді Рахметуллин.

Зея ресми сапары аясында ҚР Премьер-Министрінің орынбасыры-Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен кездесті.

 

Жаңалықтар