Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстандағы жағдай бойынша пікір білдірді

Ауғанстандағы жағдайға байланысты қоғамда алаңдаушылық артып келе жатқанын атап өткен мемлекет басышысы, бұл оқиғалардың Қазақстанға тікелей қауіп төндірмесе де белгілі бір дәрежеде қатері болғанын айтты.

22 Ağustos 2021 18:54

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұлан құрылымының Алматы облысындағы Жауынгерлік және әдістемелік дайындық орталығында өткен «Қайсар-2021» жедел-тактикалық оқу-жаттығуларына барды.

– Халықаралық ахуалдың шиеленісуі жағдайында біздің күштік құрылымдар мейілінше ұтқыр болуға тиіс. Ауғанстандағы жағдайға байланысты қоғамда алаңдаушылық артып келе жатқанын көріп отырмыз. Бұл оқиғалар Қазақстанға тікелей қауіп төндірмейді. Алайда белгілі бір дәрежеде қатері бар. Сондықтан біз жағдайды мұқият бақылап, кез келген сын-қатерге лайықты жауап беруге дайын болуымыз керек, – деді Жоғарғы Бас қолбасшы.

Қасым-Жомарт Тоқаев күштік құрылымдар қызметкерлерінің алдында сөйлеген сөзінде жас ұрпақтың соларға қарап бой түзейтінін ескертті.

– Баршаңыз тәртіп сақшысы деген абыройлы атқа лайық болуларыңыз керек. Сіздерге берілетін ең жоғары баға – халықтың сенімі мен алғысы. Ішкі істер органдарының қызметкерлері осы сенімді ақтайды деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Республикасы Президентінің ресми сайты

Жаңалықтар