Қасым-Жомарт Тоқаев: "Түркістан өңірінде түркі елдерінің бірлескен «Арнайы экономикалық аймағын» құруды ұсынамын"

"Біздің елдеріміз үшін алыс-берісті ұлғайта түсу – басты міндеттің бірі. Осы орайда тоғыз жолдың торабында орналасқан Түркістанның инвестициялық және сауда-экономикалық мүмкіндігі зор. Оның қомақты табиғи ресурсын, адами капиталы мен туристік әлеуетін ескеріп, Түркістан өңірінде түркі елдерінің бірлескен «Арнайы экономикалық аймағын» құруды ұсынамын," – деді Мемлекет басшысы.

01 Nisan 2021 15:04

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның ұсынысын қабыл алып, Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммитіне қатысуға келісім берген Мемлекет басшыларына ризашылығын білдірді.

"Бұл басқосуды бәріміз үшін қасиетті Түркістанда ұйымдастыруды жоспарлаған едік. Алайда пандемияға байланысты күрделі ахуалға орай біз саммитті онлайн форматта өткізуді жөн көрдік. Індеттің беті қайтқан соң, бұрынғыдай бетпе-бет жүздесеміз деп сенемін. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, баршаңызды Наурыз мейрамымен тағы да құттықтаймын. Бұл – күллі түркі жұртының төл мерекесі. Бауырлас елдерге бақ-береке тілеймін," – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы өз сөзінде Түркістанның барлық түркі халықтары үшін қастерлі қара шаңырақ, құтты мекен және аңсарлы атажұрт екенін айтты. Бабаларымыздың осы өңірде ғұлама ұстаз Қожа Ахмет Ясауиден діни білім алып, түркі-ислам мәдениетін әлемге таратқанын, түркілер Кіші Азияға бет бұрғанда бұл құндылықтар түп-тамырымызды сақтап, бірлігімізді бекем ұстауға негіз болғанын атап өтті.

"Біздің мақсатымыз – түркі әлемін XXI ғасырда маңызды экономикалық және мәдени-гуманитарлық кеңістіктің біріне айналдыру. Түркі өркениетін жаңғыртуды, ең алдымен, Ясауи мұрасы мен қасиетті Түркістанды әлемге танытудан бастауға шақырамыз. Сол себепті бүгінгі саммит «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» деп аталып отыр," – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Түркістан қаласы түбегейлі өзгеріп, жаңа келбетке ие болғанына тоқталды.

"Түркістан өңірінде түркі елдерінің бірлескен «Арнайы экономикалық аймағын» құруды ұсынамын"

"Біздің елдеріміз үшін алыс-берісті ұлғайта түсу – басты міндеттің бірі. Осы орайда тоғыз жолдың торабында орналасқан Түркістанның инвестициялық және сауда-экономикалық мүмкіндігі зор. Оның қомақты табиғи ресурсын, адами капиталы мен туристік әлеуетін ескеріп, Түркістан өңірінде түркі елдерінің бірлескен «Арнайы экономикалық аймағын» құруды ұсынамын," – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті Түркі кеңесіне мүше елдер арасында жасанды интеллектіні дамыту, ауқымды деректерді талдау, цифрландыру, интернет саудасы сияқты салаларда ортақ жобаларды жүзеге асыруға шақырды. Мемлекет басшысы технология қазіргідей жылдам дамып жатқан дәуірде бұл қадам инновацияларды игеруге және бәсекеге қабілетімізді арттыруға мүмкіндік береді деп сенеді. Бұл ретте Қазақстан электрондық үкімет, банк және қаржы жүйесіндегі озық технологиялар мен цифрлық шешімдер төңірегіндегі тәжірибесімен бөлісуге әзір екенін айтты.

Түркі инвестиция-интеграциялық қорын құру жұмыстарын тездету өте өзекті мәселенің бірі. Бұл Түркітілдес мемлекеттерге ортақ алғашқы қаржы институты болмақ.

"Бастаманы барлық мүше мемлекеттер пысықтаған соң оның штаб-пәтерін «Астана» халықаралық қаржы орталығында орналастыруды ұсынамын. «Астана» қаржы орталығы – халықаралық деңгейдегі қаржы институттарының үздік тәжірибесі мен заманауи мүмкіндіктерін біріктірген бірегей алаң. Мұнда ислам банкингі және сукук құралдары кеңінен қолданылады. Бұл ұйым түркі елдеріне кең көлемде инвестиция тартуға жол ашатын ерекше құрылым болмақ," – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

"Сондықтан ТҮРКСОЙ мен Түркі академиясының Түркістан өңірінде археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге баса мән беруі өте орынды. Бұдан бөлек тамырластық символы ретінде Түркістанда халықтарымызға ортақ сәулет нысанын салсақ, құба-құп," – деді Мемлекет басшысы.

Жиында Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы, Кеңестің Құрметті төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов, Венгрия Премьер-министрі Виктор Орбан, Түркі кеңесінің Бас хатшысы Бағдад Әміреев сөз сөйледі.

Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммитінің қорытындысы бойынша Түркістан декларациясы қабылданды.

 

Anahtar Kelimeler: Қазақстан Республикасы Президентінің ресми сайты,

Жаңалықтар