31

Қазақстан халқының 31%-ы коронавирусқа қарсы толық екпе алған

Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті.

23 Eylül 2021 15:11

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының жоғары деңгейдегі 76-шы сессиясы аясында «Пандемияны тоқтатып, қайта жаңғыруды жақсарту» деп аталған COVID-19 пандемиясына қарсы күреске арналған Жаһандық саммитіне бейне-хабарлама жіберді.

Мемлекет басшысы: "Қалыптасқан жағдай жан-жақты әрі нақты шаралар қабылдауды талап етеді. Біздің басты міндетіміз – шұғыл түрде вакцинаға жаһандық қолжетімділікті арттыру болуы керек деп ойлаймын. Бұл ғаламдық этика мен бірліктің мәселесі. Өйткені вакциналарға қол жеткізудегі әділетсіздік халықтың денсаулығына нұқсан келтіріп қана қоймай, қоғамдағы алшақтықты одан әрі ұлғайта бермек. Біз вакциналардың екі миллиардтан астам дозасымен қамтамасыз етуге және денсаулыққа төнген жаһандық қатерлерден ұжымдық қорғанысты жақсартуға бағытталған жан-жақты күш жұмылдыруды құптаймыз. Дүниежүзілік «ұжымдық иммунитетке» үлес қоса отырып, Қазақстан QazVac вакцинасын жасау арқылы екпе ойлап тапқан әлемдегі алғашқы он елдің қатарына енді, – деп мәлімдеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда QazVac коронавирустың дельта штаммына төтеп бере алатындай күшейтілгенін, бүгінде Қазақстан халқының 31 пайызы екпені толық алғанына тоқталды. Сонымен қатар азаматтарымыздың еркін таңдау жасауы үшін вакцинаның бірнеше түрі жеткілікті деңгейде ұсынылғаны туралы айтты.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы жаһандық туризм мен бизнеске COVID-19 пандемиясымен күресте көмектесу үшін вакцина сертификаттарын өзара мойындау бағытында жұмыс істеу маңызды екенін атап өтті.

Қазақстан Республикасы Президентінің ресми сайты

Жаңалықтар