Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Қазақстан халқы Ассамблеясының басқару құқығын Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырды

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы лауазымын Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырды.

28 Nisan 2021 23:21

Елбасының төрағалығымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIX сессиясында Нұрсұлтан Назарбаев 30 жыл бұрын көпұлтты әрі көпконфессиялы Қазақстан халқы маңызды таңдау жасап, болашаққа бірлікпен, татулық және келісіммен бет бұрғанын атап өтті.

– Бұл бізге мемлекеттілігімізді құруға қолайлы жағдай жасап,  Қазақстанның қазіргі келбетін қалыптастыруға қажетті мол ресурспен қамтамасыз етті. «Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы» деп басталатын еліміздің Конституциясы оған негіз болды, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен халықтың тұрмысын жақсартудағы жетістіктерін айтты.

– Қазіргі нарықтық экономиканы жаңадан құрдық, іргелі реформалар табысты жүзеге асты. Соның арқасында Қазақстан әлемдегі дамыған 50 мемлекеттің және табыс деңгейі орташадан жоғары елдердің қатарына қосылды. Еліміз жаһандық ұлттар қоғамдастығының беделді әрі сенімді мүшесіне айналды – көк туымыз Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде желбіреп тұр. Біз халықаралық аренада өзіміздің ұлттық мүдделеріміз бен басымдықтарымызды жүйелі түрде қорғап келеміз. Қазақстанның мемлекеттік шекарасы заң жүзінде бекітіліп, оны әлемнің барлық елдері мойындады, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Ассамблеяның барша мүшелеріне ұйымның елді дамыту бағытына ұдайы қолдау көрсеткені үшін алғыс айтты.

– «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» конституциялық заңға және «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңға сәйкес менің Қазақстан халқы Ассамблеясын өмір бойы басқаруға құқығым бар екенін білесіздер. Бұл ретте Ассамблеяны басқарудың бірқатар өкілеттіктері ел Президентінің құзырында. Қазақстан халқы Ассамблеясы Мемлекет басшысының маңына топтасып, оған тірек болуы керек. Сондықтан мен Қазақстан халқы Ассамблеясын басқару құқығын Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа беруді ұйғардым. Бұл шешім Ассамблеяның мүддесіне сай келіп, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа барлық жұмысты, сондай-ақ халқымыздың, қоғамымыз  бен мемлекетіміздің болашағына қатысты барлық жоспарларды жүйелі құруға көмектеседі деп кәміл сенемін, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Өз кезегінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрсұлтан Назарбаевқа «Қазақстан халқы Ассамблеясының Құрметті Төрағасы» мәртебесін беруді ұсынды.

– Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Ассамблеяның Құрметті Төрағасы болу жөніндегі біздің ортақ ұсынысымызды қабыл алуыңызды сұраймыз. Бұл мәртебе халқымыз бен мемлекетіміздің алдындағы тарихи еңбегіңіз үшін Сізге лайық. Ассамблеяның барлық мүшелері бұл ұсынысты қолдайтынына сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы. 

Anahtar Kelimeler: ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ - ЕЛБАСЫ НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВТЫҢ РЕСМИ САЙТЫ,

Жаңалықтар