Қазақстанның киелі жерлері: "Бес Ата" әулиелердің кесенелері

Алматы облысында орналасқан әйгілі “Бес Ата” әулиелердің кесенелерін зиярат ету үшін еліміздің түкпір-түкпірінен адамдар келеді. Атақты Сарыбай, Қайназар, Сүйінбай Аронұлы, Түктібай және Жамбыл Жабайұлы аталарымызды еске түсіріп, Құран оқытып, оларға дұға бағыштау әр бір қазақтың борышы болып саналады.

03 Mayıs 2021 12:43

Қазақ елі киелі, шипалы жерлерге өте бай өлке. Әр бір қазақтың қанында осындай киелі орындарды зиярат етіп, ата-бабаларымызды еске салу және олардың құрметіне Құран оқытып, дұға бағыштау міндетті іс ретінде қалыптасқан.

Қазақстанның ең танымал киелі жерлерінің бірі - "Бес Ата" әулиелердің кесенелері. 

"Бес Ата" әулиелердің кесенелері Алматы облысында орналасқан. Кесенелерді бір жол бойынша көлікпен жүрген кезде кезек кезек зиярат ету мүмкін. Әр бір атамыздың кесенесі орналасқан ауданға немесе ауылға олардың аты берілген. Мысалы, Жамбыл атамыздың құрметіне кесенесі орналасқан аудан-Жамбыл Жабайұлы деп аталған.

Бұл киелі жерлерді зиярат еткендердің айтуынша, аталарымызға Құран оқытып, дұға бағыштау адамның іш дүниесіне тыныштық пен сабырлық береді. Ал кейбір кісілердің пікірінше, бұл жерлерге келіп, аталарымызды еске салу - адамның жолын ашып, жаманшылықтан сақтайды. Көбінесе, "Бес Ата" секілді киелі, шипалы орындарды зиярат еткен адамдар Құдайдан денсаулық пен тілектерінің орындалуы үшін дұға етеді, әсіресе тіл-көзден сақтану үшін Аллаға жалбарынып, әр нәрсенің қайырлысын сұрайды.

"Бес Атаны" зиярат ету үшін жолға шыққан кезде бірінші кезекте Сарыбай атаның кесенесі тұр. Кесене, Ұзынағаш ауылынан батысқа қарай 8 шақырым алыстығында, Қарасу өзенінің жағалауында, Сарыбай Би ауылында орналасқан. 

Атақты Сарыбай Би 1821-1890 жылдары өмір сүрген. Сарыбай ата заманының әділетті биі атанған және осы атқа өмірінің соңына дейін дақ түсірмей өткен ұлы тұлға. Кесененің алдынан атаны зиярат етуге келген адамдарды шырақшы қарсы алады, құран оқиды, келгендердің уақыты болса атамыздың өмірбаянын айтып береді.

Жол бойындағы "екінші ата"- Қайназар атаның кесенесі.

Қайназар ата 1850-1913 жылдары өмір сүрген. Ол - "Бес Атаның" ішіндегі ең кішісі, батыр, Сарыбай Бидің оң қолы болған. Тарихи деректерге сәйкес, Қайназар атамыздан батыл, қайратты, жігерлі адам болмаған. Бұл киелі жерге келген адамдар атаға Құран бағыштап, Құдайдан  өздеріне денсаулық және күш-құат тілейді. 

Кезектегі "үшінші атамыз" - атақты Сүйінбай Аронұлы.
Әйгілі ақын, айтыс өнерінің майталманы - Сүйінбай ата, Алматы облысының Жамбыл ауданына қарасты Қарақыстақ елді мекенінде 1815 жылы дүниеге келіп, 1898 жылы дүниеден озған. Сүйінбай ата өз өмірінде көптеген өлең жазған, еліне жүрегін арнаған қазақтың біртуар ұлы ақыны болған. Кесененің сәулеті өте ерекше, бұл да келгендердің назарын аударады. Сонымен қатар, кесененің сыртында киелі энергияға толған кірпіш бар. Кесенеге қарайтын шырақшының айтуынша, бұл кірпішке қолын қойып, дұға еткен шын ниетті адамның тілегі орындалады.

Жолдағы келесі киелі жер - Түктібай атаның кесенесі.

"Төртінші атамыз" 1700-1781 жылдары өмір сүрген, заманында қазақ даласының ең күшті емшісі болған. Атаға емдеу қабілеті кішкентай кезінде келген. Тарихи деректер бойынша, Сүйінбай ата адамдарды қобыз арқылы емдеген. Атамыздың қолданған қобыздың дауысы бір киіз үйді орнынан қозғалта алады екен. Бұл қобызды, келушілердің сәті болса, көруге болады: қасиетті музыкалық аспапты атаның ұрпақтары жылдар бойы мұра ретінде сақтап келуде. Кесенені зиярат етуге келген адамдар ғимараттың ерекше сәулетіне таңданады.

"Бес Ата" кесенелердің ішіндегі зиярат етілетін соңғы атамыз - Жамбыл Жабайұлы.

Жамбыл Жабайұлы (1846-1945) – қазақ халық поэзиясының әйгілі тұлғасы, айқын, айтыскер, жырау және жыршы болған. Жамбыл Жабайұлы, Сүйінбай атаның сүйікті шәкірті болған. "Бесінші атамыздың" кесенесі үлкен, әрі жаңа қалпында сақталған.

Кесене 1946 жылы салынған,1970 және 1996 жылдары қайта жөнделіп, ақ мәрмәрмен қапталған. Қабір үстіне қара мәрмәр тастан "Жамбыл Жабаев 1846–1945" деп жазылған тақта қойылған. Қасбеті қазақ оюларымен безендірілген. Кесененің дәл ортасына ұлы жыршыға құлпытас қойылған. Ақын денесі осында жерленген. Оның дәл іргесінде, сол жақ босағасына ақынның киесі — қызыл шұбар жолбарыс мүсіні орнатылған. Кесенеге апаратын саябақ жолын бойлай тікбұрышты гранит тақта қойылған, онда Жамбыл туындыларынан үзінді және ол туралы танымал жазушылар мен ақындардың пікірлері жазылған.

"Бес Ата" әулиелердің кесенелері қазақ халқы үшін аса маңызды. Казақстан тарихына мол үлес косқан аталарымыздың кесенелері келушілер тарапынан құрметпен зиярат етілуде. Жыл сайын мыңдаған адамдар әр түрлі себеппен бұл киелі жерлерді зиярат етеді. Құран оқыту, аталарымызды еске салу, тарихымызды құрметтеп зерттеу жасау немесе Құдайға құлшылық жасау, бұл қасиетті жерлерге келгендердің себебі әр түрлі болса да, ниеттері таза болғаны анық.

Киелі "Бес Атаға" Құран оқып, дұға бағыштау, көптеген адамдардың айтуынша олардың армандарының, тілектерінің орындалуына себепкер болып, жағдайларының жақсаруына әсер еткен.

Жаңалықтар