Қазақстанның Риддер қаласында орман өртенді

Шығыс Қазақстанда кеше орман өртенді. Риддер қаласына дейін жеткен өрт, жалпы алғанда 300 гектардай жерді шарпыған. 37 үй өртенді, 1 адам қаза тапты, 2 кісі жарақаттанды.

11 Mayıs 2021 14:12

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің жасаған ресми мәлімдемесіне сәйкес, 2021 жылғы 10 мамырда сағат 13:30-да Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында қураған ағаштың жанғаны туралы хабарлама келіп түсті. Сағат 13: 31-де өрт орнына Риддер қаласындағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің кезекші ауысымы жіберілді.

Сағат 16:08-де Лесхоз кентінің Орман шаруашылығы аумағында Сосновый бор және Лихачев көшелерінде тұрғын үйлер жанып жатқаны туралы хабарлама Орман шаруашылығы мекемесінен келіп түсті.

Өрт 5 көшені шарпыды (Б.Комиссаров, Сосновый бор, Коммунальная, Лихачев, Жуковский). Аталған көшелерде 59 тұрғын үй болған, оның ішінде 37 тұрғын үй өртенген.

Өртенген үйлерде 83 адам, оның ішінде 10 бала тұрды. Зардап шеккен тұрғындар ішінен 13 адам жатақханаға, қалған 68 адам туыстарының үйлеріне орналастырылды.

Жедел жәрдем желісі бойынша Лесхоз кентінен 1949 және 1980 жылы туған екі ер адам күйік шалып, жергілікті ауруханаға, реанимация бөліміне жеткізілгені туралы ақпарат келіп түсті. Өрт орнында 1948 жылы туған әйелдің мәйіті табылды.

Алдын ала берілген ақпарат бойынша мамандар қасақана өртеу және отты абайсыз қолдану нұсқаларын қарастыруда.

Алапат өрт бүгін ғана ауыздықталды.


 

Anahtar Kelimeler: Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі,

Жаңалықтар