Бейбітшілік және келісім сарайы, халық аузында "Пирамида"

Елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайы сәулет өнерінің бірегей туындысы саналады және жыл сайын көптеген туристерді аса қызықтырады.

11 Nisan 2021 14:08

Бұл ғажайып сарай – қазақ жеріндегі бірлік пен достастықтың, бейбітшілік пен ынтымақтастықтың белгісі.

Бас шаһарда пирамида тәріздес сарай бой көтерсе, әрі онда түрлі ұлт, дін өкілдері бас қосып, барша адамзатты бейбітшілік пен жақсылыққа жетелейтін шешімдер қабылдаса деген идеяны Мемлекет басшысы 2003 жылы елордада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының І съе­зінде ұсынған болатын. Ел Президентінің идеясы съезге әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған түрлі конфессиялардың көшбасшыларынан үлкен қолдау тапты. Сарай 2006 жылы 2 қыркү­йекте салтанатты түрде ашылды. Дәл осы жылы қайта қауышқан съезд делегаттары екінші басқосуын жаңа, бірегей ғимарат – Бейбітшілік және келісім сарайында өткізді.

Ғимарат көрнекті ағылшын архитекторы Норман Фостердің жобасымен Түркияның «Сембол Иншаат» құрылыс компаниясы салды.

Ғимарат қолдан жасалған жота үстінде орналасқан. Оның табан қабырғасының ұзындығы – 62 м, ауданы – 25,5 мың м². Ғимарат экстерьері пирамида түрінде болса, сарайдың орталық күмбезді залы Нью-Йорк қаласындағы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің холы тәрізді етіп салынған. Сарайдың сыртқы беті ішкі бейнені көрсететін әйнек және тас плиталармен қапталған, ал «пирамиданың» төбесі, яғни күмбезі елімізде тұратын түрлі ұлт өкілдерін суреттейтін 130 ақ көгершін бейнеленген нағыз өнер туындысы атақты суретші Брайн Кларктың витражымен безендірілген. Түнде күмбез жанып, шамшырақ секілді әртүрлі мәдениеттердің, діндердің, халықтың бірлігін бейнелейді. Онда Қазақстан халқы Ассамблеясы, ұлтаралық және дінаралық келісім орталығы, мұражай, 1,5 мың орынды опера залы, кең орталық атриум мен қысқы бақ орналасқан. Кешен құрылысы қаладағы құбылмалы ауа райын ескере отырып бой көтерген. Оның кіреберісі жер астында орналасқан.

Бүгінде бейбітшіліктің бесігіне айналған әсем ғимараттың ашылғанына он жылдан астам уақыт болды. Осы аралықта сарайда достықтың байрағы желбіреп, мемлекеттік маңызды жиындар мен ордалы ой айтатын орталыққа айналды.

Сарай демалыссыз жұмыс істейді, экскурсиялар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде өткізіледі.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Жаңалықтар