qazvak

ДДСҰ Қазақстанның отандық "QazVak" екпесіні бағалайды деп мәлімденді

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстанның отандық "QazVak" екпесіні төтенше жағдай кезінде пайдалануға болатын дәрі-дәрмектердің тізіміне қосу мүмкіндігін қарастыруға дайын екенін айтты.

28 Mayıs 2021 16:17

Мемлекет басшысы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесуспен видео конференция режимінде кездесу өткізді.

Кездесу барысында Қазақстан мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы арасындағы, атап айтқанда, коронавирус пандемиясына қарсы іс-қимыл бойынша ынтымақтастықты нығайтудың перспективалары қарастырылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен арадағы ықпалдастықтың деңгейін жоғары бағалады. Сондай-ақ Тедрос Адханом Гебрейесустің Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясының ашылуында COVID-19 індетіне қарсы вакциналау жөніндегі жаһандық күш-жігерді күшейтуге шақырған сөзін қолдады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Бас директорының айтуынша, қыркүйек айына қарай жер шарындағы халықтың 10 пайызына екпе егіліп, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 30 пайызға жетуі керек.

Президент елімізге нақты көрсеткен қолдауы, яғни пандемияның алғашқы айларында қорғаныш құралдары мен медициналық жабдықтарды жеткізіп бергені үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына ризашылық білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Тедрос Адханом Гебрейесуске Қазақстанда коронавируспен күресу үшін қабылданып жатқан шаралар жөнінде мәлімет берді.

Әңгімелесу барысында COVID-19 індетіне қарсы екпе егу үдерісіне баса мән берілді. Президент Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысына қазақстандық QazVac вакцинасының клиникалық сынамаларының алдын ала нәтижелері туралы айтты. Отандық вакцинаның тиімділік деңгейі 96 пайыз. Қазіргі уақытта салалық органдар отандық вакцинаға келісім алу үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен жұмыс жүргізіп жатыр. Тедрос Адханом Гебрейесус Қасым-Жомарт Тоқаевтың пандемияға қарсы күрестегі еңбегіне жоғары баға берді.

Сонымен қатар ол QazVac екпесінің әзірлемесін қолдайтынын және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы төтенше жағдай кезінде пайдалануға болатын дәрі-дәрмектердің тізіміне қосу мүмкіндігін қарастыруға дайын екенін айтты.

Anahtar Kelimeler: Қазақстан Республикасы Президентінің ресми сайты,

Жаңалықтар