Исламдағы мүбарак күндер мен түндер

Неліктен бұл күндер мен түндер маңызды? Қандай ғибадат жасау қажет? Толығырақ төменде оқыңыз.

07 Şubat 2022 01:04

Мұсылмандар қасиетті деп санайтын бірқатар күндер мен түндер бар.

"Қасиетті үш ай" деген атпен танымал Рәжәп, Шағбан және Рамазан -  мұсылмандар үшін маңызды айлар.

Бұл уақытта мұсылмандар көптеген құлшылықтарын күшейтіп ораза ұстайды, садақа береді, дұға жасайды және Құдайдан кешірім сұрайды.

Осман империясы Селжүктерден қалған мұра

Қасиетті түндердің тарихы терең. Түріктер Селжуктерден бері қасиетті түндерді атап өтеді.

Кейбір көздерге сәйкес, Осман патшасы Селим ІІ уақытында қасиетті түні мешітте май шамдар орнатылатын болатын, сондықтан Анадолыда қасиетті түндерді "май шамды түндер" деп те атайды.

Қасиетті түндерде су таратылады

Осман империясы кезеңінде қасиетті түндерде тәтті тағамдар жасалатын. Сонымен қатар көшелерде адамдарға су таратылған.

Осман империясы кезінде адамдар Қадір түні мен Мәуліт түніне ерекше назар аударған болатын. Адамдар сәнді киім киіп, мешітте көп уақыт өткізген.

Кешірім сұрау

Түркияның Дін істері жөніндегі Жоғарғы Кеңестің мүшесі Идрис Бозкурттың айтуынша, қасиетті түндер исламда құрметті түндер болып табылады.

"Үш қасиетті айда мұсылмандар басқа айларға қарағанда дұға және қайырымдылықпен көбірек айналысады, намаз оқиды. Мұсылмандар үшін қасиетті саналатын Рәғайып, Миғраж, Бәраат және Қадір деп аталатын үш құтты түнді атап өтеді. Бұл уақытта көп дұға ету керек," - деді Бозкурт.

Қасиетті түндерде не істеу керек?

Дін істері жөніндегі Жоғарғы Кеңестің мүшесі Бозкурт: "Рәғайып, Миғраж, Бәраат және Қадір түндерінде ғибадат етуге мүмкіндігінше көп уақыт бөлу керек," - деді.


“Пайғамбарымыз бақытты күндер мен түндерді бағалауға кеңес берді. Бірақ бұл күндер мен түндерде намаздың немесе ғибадаттың ерекше түрі айтылмаған. Осыған байланысты біз күндер мен түндерді кешіру сәті және өмірімізді ретке келтіру мүмкіндігі ретінде қарауымыз керек. Сондықтан мұсылмандар өз өмірлерінің бағытын қайта қарап, қателіктері мен күнәларына өкініп, осы мүмкіндіктерді пайдаланып, дұға ету, Құран оқу керек. Қасиетті күндер мен түндерде мұсылмандар көп жақсылық жасай отырып, дұға етіп, ал күндіз ораза ұстау арқылы ғибадаттарын орнына келтіре алады." - деп жалғастырды Бозкурт.

Адамзатты қараңғылықтан құтқару үшін жіберілген соңғы пайғамбар – біздің пайғамбарымыз Хазірет Мұхаммед (с.а.у.) 571 жылы Рәбиул-әууәл айының 12-түні туған. Бұл қасиетті түн “Мәуліт түні” деп аталады.

Ол дүниеге келген шақта жер-жаһанды надандық, зұлымдық пен арсыздық жайлап, Аллаға деген сенім ұмытылып, адамзат қорқыныш пен қараңғы түнекке қамалып, өмір сүре алмайтындай дәрежеге түскен еді.

Пайғамбарымыздың дүниеге келуімен дүние нұрға бөленіп, халықтың жүрегіне Аллаға деген сенім ұялады. Теңдік, әділет және бауырмалдық пайда болды. Аллаға сенген халықтар шын мәнінде қуанышқа кенеледі. Пайғамбар туған түн – адамзаттың қараңғылықтан құтылуы үшін өте қайырлы әрі берекелі бастама болды.

Бұл түн мұсылмандар арасында ғасырлардан бері үлкен белсенділікпен тойланып келеді. Танымал түрік ғалымы С. Челеби жазған “Уәсиләтун-Нәжат” деп аталатын Мәуліт кітабы – оның туған кезін, ерекшеліктерін және мұғжизаларын тамаша тілмен суреттеген құнды еңбек.

Пайғамбарымыздың туған күнінде айтылатын мәуліт жырларын құрметпен тыңдау, оның қасиетіне, рухына салауат айту – халқымыздың пайғамбарға деген шексіз сүйіспеншілігі мен терең құрметінің көрсеткіші.

Бұған қоса, оның парасатқа толы өмірін оқып-үйрену, одан үлгі алу – басты міндетіміз. Тек сол кезде ғана оның сүйіспеншілігіне қол жеткіземіз.

РӘҒАЙЫП ТҮНІ

Рухани жағынан алғанда Рәжәб, Шағбан, Рамазан айлары басқа айларға қарағанда бір төбе жоғары, берекелі айлар болып табылады. Рәжәб айы келгенде Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деп дұға ететін: “Уа, Алла! Рәжәб пен Шағбан айларын бізге мүбәрак қылып, аман-есен Рамазан айына жеткізе гөр.”

Рәжәб айының алғашқы жұма түні “Рәғайып түні” деп аталады. Бұл түн – Алла Тағаланың мейірімі түскен, кешіретін және дұғаларды қабыл ететін түн. Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген:

“Бес түн бар. Ол түндердегі оқылған дұғалар кері қайтарылмайды, (яғни қабыл болады). Олар:

– Рәжәптің алғашқы жұма түні

– Шағбанның он бесінші түні;

– Жұма түні;

– Рамазан айтының түні;

– Құрбан айтының түні”

МИҒРАЖ ТҮНІ

Алланың шақыруы бойынша пайғамбарымыз (с.а.у.) бір күні түнде Меккедегі Харам мешітінен Құдыстағы Ақса мешітіне сапар шегіп, ол жерден Жәбірейілмен бірге көкке көтеріліп, “Сидрәтүл-мүнтәха” деп

аталатын жерге дейін көтеріледі. Пайғамбарымыз (с.а.у) бұл жерден ары қарай барып, арада ешқандай дәнекерсіз және құпия түрде Алламен кездескен.

Бұл қасиетті сапардың Меккеден Құдысқа дейінгі бөлігі Исра, Құдыстан басталатын қалған бөлігі Миғраж деп аталады. Пайғамбарымыз бес уақыт намазды үмбетіне Миғраж тартуы ретінде әкелген.

Миғраж оқиғасы – пайғамбарымыздың ең үлкен мұғжизаларының бірі. Хижреттен бір жарым жыл бұрын Рәжәб айының 27-түнінде болған.

БӘРААТ ТҮНІ

Шағбан айының 15-түні “Барағат түні” деп аталады. Қарыздан, күнә мен жазадан құтылу деген мағынаны білдіретін Бәраат – күнәлардан құтылу (тазару) кеші.

Бұл түн – Алланың өзінен кешірім сұраған мүминдерді кешіріп, күнәдан арылу түні. Бұл түні ұйықтамай Алла Тағаладан кешірім сұрауымызды қалаған пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді:

“Шағбан айының он бесінші түні болғанда тек қана ғибадатпен өткізіңдер, ал күндіз ораза ұстаңдар. Өйткені, Алла Тағала сол түні күн шыққанға дейін әлемге мейірімін төге тұрып, былай дейді:

– Кешіруімді қалайтын адам бар ма, кешейін?

– Рызық талап етушілер бар ма, берейін?

– Дертке шалдыққандар бар ма, шипа берейін?

– Тағы кім не тілесе тілесін, берейін!”

Ендеше, Раббымыздың сүйінші хабарына құлақ асып, берілген мүмкіндіктерден пайдаланып қалуымыз керек.

ҚАДІР ТҮНІ

Рамазан айының 27-түні “Қадір түні” деп аталады. Адамдарға дүниеде және ақыретте бақытты болудың жолын көрсететін дініміздің киелі кітабы – Құран Кәрім пайғамбарымызға Рамазан айында Қадір түнінде түсе бастаған. Қадір түнінде Хазірет Мұхаммедке (с.а.у) пайғамбарлық міндет жүктеліп, Ислам таңы осы түні атқан. Міне, осындай маңызды оқиғалар Қадір түнін нұрға бөлеп, қасиетін арттырған. Қадір түнінің мың айдан да қайырлы екендігі Құран Кәрімде ашық айтылған. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бұл түннің артықшылығы жайында былай деген: “Кімде-кім артықшылығына иланып, сыйын Алладан күтіп, Қадір түнін ғибадатпен өткізсе, өткен күнәлары кешіріледі.”

 

Жаңалықтар