Ұлттық тағам - Қазақша ет (бешпармақ)

Қазақстанда ет - әр бір мерекелі дастарханның патшасы.

29 Nisan 2021 16:13

Ет немесе Қазақша ет (кей өңірде ауызекі тілде Бешбармақ) – қазақ халқының еттен дайындалатын ұлттық тағамы.

Тойға немесе қонақасыға көбінесе қой сойылады. Қой еті жіліктегенде 13 мүшеге бөлінеді. Олар:

-жамбас;
-ортан жілік;
-асықты жілік;
-бел омыртқа;
-сүбе;
-қабырға;
-төс;
-омыртқа;
-жауырын;
-тоқпан жілік;
-кәрі жілік;
-бұғана;
-мойын.

Аталған мүшелер адамдардың жас, жыныс және әлеуметтік ерекшелігіне сай тартылады немесе керісінше, жеуіне тыйым салынады.

Асуға дайындалған етті жуып-шайып тазалап, қазанға салады да, ет батып тұратындай етіп суық су құяды. Содан кейін қазанды қатты жанған отқа қойып, сарқылдатып қайнатады, бетіне шыққан қанды көбігін алып тастап, шамалап тұз, кейде пияз салып, отын басады да, 1 – 1,5 сағат ет әбден піскенше шымырлатып қайнатады.

Ет піскен соң сорпасынан бөліп алып, тартылатын табақтың санына қарай мөлшерлеп, тұздық әзірлейді. Ол үшін сорпаға қара бұрыш, дөңгелектеп туралған пияз салып, ыдыстың бетін жауып, бұқтырып қояды. Ет туралып болған соң, тұздықты еттің үстіне құяды. Қазақша етке қамыр, бітеу пісірілген картоп, сәбіз қосуға болады.

Қонақ күту кезінде тартылатын еттің адамдардың қоғамдық мәртебесіне байланысты бөлінісіне қарай: бас табақ, сый табақ, орта табақ, аяқ табақ, сондай-ақ, ахуалдарға сай: құда-құдағи табақ, келін, күйеу табақ, үйеме табақ, т.б. түрлерге бөлінеді.

Бас табақ аталатын сыйлы адамдардың табағына бас, жамбас, ортан жілік, сүбе қабырға, белдеме, құйрық-бауыр салынып тартылады.
Сый табаққа жамбас, асық жілік, тоқпан жілік, сүбе қабырға, т.б. қоспаларымен салынады.
Орта табаққа (күйеу не келін табағы да) төс, асық жілік, ортан жілік, қабырға салынып беріледі.
Аяқ табаққа (ауыл адамдары, бала-шаға) мойын, тоқпан жілік, кәрі жілік, жүрек, жөрген, қарын, сирақ, т.б. салынады.

 

Жаңалықтар