"Медреселер қаласы" - Бұхара

Бұхара - Өзбекстан Республикасындағы қала, Бұхара облысының орталығы. Қызылқұм шөлінің оңтүстік шетінде, Зарафшан өзені аңғарының батысында, Бұхар шұратының орталық бөлігінде, Шахруд каналының бойында, теңіз деңгейінен 226 метр биіктікте орналасқан.

02 Nisan 2022 16:41

Халқы 237,6 мың адам (1995). Б. з. б. 1-мыңжылдықтың орта шенінде іргесі қаланып, бастапқы кезде соғды тілінде Нумижкат деп аталған.

Бұхара атауы алғаш рет жазба деректерде 5 ғасырдағыдағы қытай жылнамасында кездеседі.

709 ж. арабтар басып алған кезде, ол Орталық Азиядағы ірі сауда және мәдениет орталығы болған.

Бұхара тұрғындары араб жаулаушылығына қарсы күресте Муканна жетекшілік еткен “ақ киімді адамдар” қозғалысына (8 ғасырдың аяғы) белсене қатысты. 8 -10 ғасырларда Самани әулеті мемлекетінің құрамына кірді, оның астанасы болды. 10 ғасырдың аяғында Қарахан әулетіне, 12 ғасырдың ортасында қарақытайларға бағынды, 13 ғ-дың басында Хорезмшахы Мұхаммедтің иелігіне айналды.

1220 ж. Шыңғыс хан әскерлері жаулап алды. Бұхарада оларға қарсы Махмуд Тараби бастаған көтеріліс болды (1228). 1370 ж. Темір, ал 16 ғасырда Шайбани әулеті мемлекеттерінің құрамына кірді. 16 ғасырдың ортасынан 1920 жылға дейін Бұхар хандығының, 1920-24 ж. Бұхар Халық Кеңес Республикасының астанасы болды.

Қазіргі Бұхара - ірі өнеркәсіп және мәдени орталық. Қаракөл өңдеу, мақта тазалау, май зауыттары, жібек, трикотаж фабрикалары, ет, сүт, шарап, т.б. кәсіпорындары бар.

Архитектуралық ескерткіштер 140-қа жуық. Сәулет өнерінің тамаша үлгісімен салынған Исмаил Самани кесенесі, Калән мұнарасы, Мір-Араб медресесі, Сайфеддин Бохарзи кесенесі, Ұлықбек, Көгілташ, Надир Диуан бегі және Абд-ул-Әзиз хан медреселері нақышты өрнегімен көз тартады. Қала сыртындағы құрылыстардың ішінен Бехауддиннің ханакасы, Чар-Бакр ғимараты, Файзабад ханакасы, Чар-Минар медресесі ерекше назар аудартады. Бұхарада әлемдік ғылым мен мәдениетке үлкен үлес қосқан Әбу Әли Ибн Сина, Бұхари, Рудаки өмір сүрген.

1996 ж. ЮНЕСКО Бұхараны әлемдік мәдениет ошағы болған қалалардың қатарына қосып, оны өз қамқорлығына алатынын мәлімдеген. Бұхарадағы медреселерде 19 ғасырдың соңы мен 20 ғасыр басында бірқатар қазақ зиялылары білім алған. 

Жаңалықтар