Түркіменстанда Орталық Азия мемлекеттері басшыларының үшінші жиналысы өтті

Коронавирус індетіне байланысты кейінге қалдырылған Орталық Азия мемлекеттері басшыларының үшінші жиналысы биыл Түркіменстанның Аваза аймағында іске асырылды.

06 Ağustos 2021 20:36

Түркіменстан Республикасының Президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтың төрағалығында Орталық Азия мемлекеттері басшыларының үшінші жиналысы өтті.

Аталған жиналысқа Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиеев, және Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рохман қатысты.

Отырыста сауда-экономикалық, энергетикалық, көлік-коммуникациялық салалардағы өңірлік ынтымақтастық мәселелері, сондай-ақ коронавирус індетімен күрестегі бірлескен шаралар талқыланды. Сондай-ақ, Мемлекет басшылары қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударып, Ауғанстандағы соңғы оқиғаларды жан-жақты талқылады.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстандағы жағдай алаңдаушылық тудырып отырғанын атап өтіп, бұл жағдайға байланысты Орталық Азия елдері бірлескен қадамдар жасауы тиіс екенін айтты. Тоқаев өңір елдері Азия мен Еуропаны жалғайтын негізгі көпір болып табылатынын атап өтіп, Қазақстанның халықаралық Транскаспий дәлізінің әлеуетін нығайта беретінін атап өтті.

Тоқаев Орталық Азия елдері арасында бірлікті нығайту және қажетсіз бәсекелестікке жол бермеу қажеттігін атап өтіп, "Осыған байланысты Орталық Азиядағы достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы мағлұмдамаға ертерек қол қоюдың ерекше маңызы бар. Қазақстан, тараптардың осы тарихи құжатқа қол қою туралы өтініштерін құптайды."- деді.

Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Орталық Азияның өңірдегі барлық мемлекеттердің ұзақ мерзімді мүдделеріне жауап беретін жан-жақты әріптестік пен өзара байланыстарды дамытудағы аса маңызды стратегиялық өңір екенін атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша бірлескен мәлімдеме қабылданды.

Айта кетейік, Орталық Азия мемлекеттері басшыларының алғашқы жиналысы 2018 жылы Қазақстанда, екіншісі 2019 жылы Өзбекстанда өткізілді.



 

Жаңалықтар