Түркияның астанасы Анкарада «Ядролық қарусыз әлемді құрудағы Қазақстанның рөлі мен ықпалы» атты көрме ашылды

Түрік-Жапон қорының мәдениет орталығында Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі тарапынан «Ядролық қарусыз әлемді құрудағы Қазақстанның рөлі мен ықпалы» атты көрме ұйымдастырылды.

27 Ağustos 2021 15:42

«Ядролық қарусыз әлемді құрудағы Қазақстанның рөлі мен ықпалы» атты көрме Семей ядролық полигонының жабылуының 30 жылдығына және Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында ұйымдастырылды.

 1991 жылдың 29 тамызында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Семей полигоны жабылған болатын. 1995 жылы соңғы ядролық құрылғы жойылды. 1996 жылдың сәуір айында Қазақстанның Ұлттық ядролық орталығы және АҚШ Қорғаныс министрлігі жанындағы Ядролық қауіпсіздік жөніндегі агенттік сынақтар өткізілген туннелдер мен ұңғымаларды жою туралы келісімге қол қойды.

Осылайша, Қазақстан іс жүзінде өзінің ядролық қаруға қарсы екенін бүкіл әлемге дәлелдеді. Қазақстан мемлекеттер арасында ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан елдердің бірі болып табылады және дүние жүзінде ядролық қаруды таратпауға өз үлесін қосып келеді.

Анкарада өткен көрмеде Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің және Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті-Елбасы кітапханасының архивиндегі суреттер іс-шараға қатысқан қонақтардың назарына ұсынылды.

Аталған көрмеге Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы, Жапонияның Түркиядағы Елшісі Казухиро Сузуки, ТР Сыртқы істер министрлігінің Халықаралық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі департаментінің бас директоры Елші Гулин Динч және Анкара қаласындағы дипломатиялық өкілдіктердің басшылары мен дипломаттары, Түркия университтерінің ғалымдары мен жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары қатысты.

Көрме ашылуында сөз сөйлеген Елші Абзал Сапарбекұлы «Еліміздің тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында, халқымыздың бастан өткерген қайғылы және әркімге сабақ болатын оқиғаны еске аламыз. Биыл 1991 жылғы 29 тамыздағы Семей ядролық полигонының жабылғанына 30 жыл толып отыр» деп, Қазақстанда жасалған сынақтар туралы ақпарат берді.

Елші Абзал Сапарбекұлы «Бүгін Анкарада ұйымдастырылған көрме бізге 72 жыл бұрынғы уақытты еске түсіріп қана қоймайды. Сонымен қатар, бұл көрме барлық ядролық қаруды жоюға және осыған ұқсас қайғылы жағдайлардың қайталануына жол бермеуге ынталандыру керек» деп өз сөзін аяқтады.

Көрменің ашылуында сөз алған Жопонияның Түркиядағы Елшісі Казухиро Сузуки «76 жыл бұрын кенеттен жарылған атом бомбалары Хиросима мен Нагасакиде көптеген адамдардың өмірін қиды. Алғашқы тірі қалғандар денсаулығына байланысты зардап шекті, ал кейінгі жылдары олардың көпшілігі қайтыс болды. Бұл оқиғадан кейін де Жапония азаматтары Бикини аралдарындағы ядролық сынақтардың куәгері болды. Жапония да Қазақстан сияқты атом бомбасынан кейінгі салдарды басқа елдерге қарағанда әлдеқайда жақсы түсінеді. Сондықтан біз ядросыз әлемге ұмтылуға міндеттіміз» деді.

Іс-шара барысында Семей ядролық полигонына қатысты қысқа фильм көрсетілді. Іс-шара қонақтардың көрмені тамашалауымен аяқталды.

Жаңалықтар