2800

Түркияның Элязығ қаласында 2800 жылдық "Урарту" кезеңіне тиесілі ашық аспан астындағы ғибадатхана табылды

Тарихи Харпут қамалында қазу жұмыстары аясында ежелгі ғибадатхана табылды.

19 Nisan 2021 00:34

Түркияның Элязығ қаласында орналасқан Харпут қамалының оңтүстік-батыс бөлігінде ежелгі сопақша және жалпақ құрбандық алаңы, орындықтар, баспалдақтар, тауашалар және әртүрлі мақсаттарға арналған пішіндер мен өлшемдегі қуыстардан тұратын ашық аспан астындағы ғибадатхана табылды. 

Бұл жерді Фырат университетінің (FÜ) қызметкері және Харпут қамалындағы қазба жұмыстарының жетекшісі Исмаил Айтач және оның командасы анықтады.

Айтач ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі өркениеттердің іздерін табуға тырысып жатқанын айтты. Зерттеуші "Урарту" кезеңіне тиесілі ашық аспан астындағы ғибадатхананың үлкен тарихи және мәдени маңызы бар екенін атап өтіп, бұл жер 2800 жыл бұрын салынғанын хабарлады.

"Урарту батыс шекарасындағы Харпут қамалынан үш қасиетті орын табылды, олардың ішіндегі ең маңыздысы-қамалдың оңтүстік-батыс жағында орналасқан қасиетті орын. Атап айтқанда, осы қасиетті орынға дейін 30 қадаммен көтерілуге болады. Тақтың бөлімі бар, ал жақын жерде - тас биіктіктер мен рельефтер. Жоғарғы жағында діни қызметкер рәсімдер өткізді. Мүмкін, жоғарыдан төмен жазық сопақ аймақта құрбандық шалынған, ал төменгі сатылардан адамдар бұл рәсімді көрген," - деді Айтач.

Археолог, Урартуның батыс шекарасындағы қамалда осындай кең ашық ғибадатхананың болуы олардың бұл қамалды жоғары бағалағанын көрсететіндігіне назар аударды. Айтач мырза, ашық аспан астындағы ғибадатхана қарапайым емес, маңызды діни күндерде қолданылған, деп болжады. Бұған қамалдың мөлшері мен кейбір нақты құрылымдары дәлел бола алады.

Айтачтың айтуынша, зерттеулер белсенді түрде жалғасуда. Ғалымдар ғибадатхананың жалпы көрінісін қалпына келтіруге тырысуда.

Харпут қамалы анықталған қасиетті орынның арқасында ерекше бола бастағанын баса айтқан Айтач: "Біз бұл жерді басқа аймақтардағы қасиетті орындармен салыстырған кезде, ғибадатхананың өзіндік ерекшелігі бар екенін көрдік. Сондай-ақ, біз анимация мен иллюстрациялар арқылы ғибадатхананың тұтас суретін қайта жасағымыз келеді. Мүмкін, бұл шетелдік туристер үшін қызықты болады. Біз осы саладағы ынтымақтастық туралы қаланың әкімшілігімен, университетпен және министрлікпен келіссөздерді бастадық." - деп түйіндеді тарихшы.

Жаңалықтар