12

Ыстанбұлда Түркі мемлекеттері ұйымы ақсақалдар Кеңесінің 12-ші отырысы өтуде

Түркітілдес мемлекеттер ұйымы ақсақалдар кеңесінің мүшелері Бинали Йылдырымның төрағалығымен Ыстанбұлда жиналды. Бинали Йылдырым ақсақалдар кеңесінің қызметі күн сайын артып келе жатқанын атап өтті.

09 Şubat 2022 22:52

Түркияның Ыстанбұл қаласында Түркі мемлекеттері ұйымы ақсақалдар кеңесінің кезекті отырысы өтуде. 12-ші отырыста Бинали Йылдырым төрағалық етуде.

Жиналыстың ашылуында сөз алған Бинали Йылдырым Мемлекет басшылары Ыстанбұлда өткен Түркі мемлекеттері Ұйымының 8-ші саммитінде маңызды тарихи шешімдер қабылдағанын, олардың бірі ақсақалдар Кеңесінің қызметіне қатысты екенін айтты. Ол жаңа шешім аясында ақсақалдар кеңесінің ережесі жаңартылып, құрылымы нығайтылғанын атап өтті. Сонымен бірге Йылдырым Түркі мемлекеттері Ұйымының Бас хатшысы Бағдад Әміреевке және бүкіл ұжымға осы саладағы елеулі күш-жігері үшін алғыс айтты.

"Жаңа құрылым арқылы ақсақалдар кеңесі жетекші рөл атқаратынына және алдағы маңызды жобаларға елеулі үлес қосатынына сенімдімін. Түркі мемлекеттерінің ұйымы күн сайын өсіп, дамып келеді. Жауапкершілікті одан әрі көп алады. Аймақта және бүкіл әлемде маңызды ұйымға айналады. Ұйымның дамуымен ақсақалдар кеңесінің жауапкершілігі де арта түседі. Біз ақсақалдар ретінде маңызды шешімдер қабылдау, тиісті ұсыныстар беру және зерттеулерді жүзеге асыру арқылы ұйымның қызметін кеңейтуге үлкен үлес қосуға тырысамыз," - деді ол.

Йылдырым ақсақалдар кеңесінің құрамы терең тәжірибесі бар адамдардан тұратынын атап өтіп, осы әлеуетті ұтымды пайдалану қажеттігін атап өтті.

"Ақсақалдар кеңесі ТМҰ өткізетін жобаларға үлкен үлес қосатынына сенімдімін. Біз - ақсақалдар Түркі әлемі мен түркі мемлекеттері арасындағы қарым-қатынастарды дамыту, экономикалық және әлеуметтік-мәдени салаларға үлес қосу үшін мемлекет басшылары белгілеген бағытқа сәйкес тынымсыз жұмыс істейтін боламыз," - деп уәде берді Йылдырым.

Биналы Йылдырымның айтуынша, бүгінгі отырыста ақсақалдар кеңесінің алдағы қызметі жан-жақты талқыланады. Белгілі болғандай, Ыстанбұлда өткен Түркі мемлекеттері ұйымы саммитінің қорытындысы бойынша "Түркі әлемінің келешегі – 2040" құжаты қабылданды. Ол алдағы 5 жылға арналған стратегиялық жоспарды да қамтиды. Кездесуде 5 жылдық жоспардың іс-әрекеттері талқыланады.

"Түркі әлемі - біртұтас"

Түркі мемлекеттері Ұйымының Бас хатшысы Бағдад Әміреев 2021 жылғы 11 қарашада Ыстанбұл саммитінің қорытындысы бойынша ақсақалдар кеңесінің жаңа ережесі қабылданғанын хабарлады. Сонымен қатар ол ақсақалдар кеңесінің төрағасы болып тағайындалған Бинали Йылдырымды құттықтады.

Әміреев түркі мемлекеттері Ұйымының 8-ші саммиті 12 қарашада Ыстанбұлда барлық көшбасшыларының қатысуымен өткенін еске салып, саммит қорытындысы бойынша мүше мемлекеттер мен бақылаушылар терең интеграцияға ұмтылғанын атап өтті.

Бас хатшы Түрікменстанның ұйымға бақылаушы ел ретінде қосылғаны нәтижесінде тарихта алғаш рет егемен түркі мемлекеттері бір шаңырақ астында біріктірілгенін атап өтті.

"Ыстанбұл саммиті аясында президенттер "Түркі әлемінің келешегі - 2040" құжатын қабылдау туралы шешімге қол қоя отырып, түркітілдес мемлекеттердің басым бағыттардағы ынтымақтастығын тереңдету жөніндегі "жол картасын" қабылдады. Бұл құжат, ең алдымен, ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы серпінді ынтымақтастық пен саяси бірлікті дамытуға бағытталған,"- деп жалғастырды Бас хатшы.

Сонымен қатар Әміреев 8-ші Саммит аясында бекітілген ақсақалдар кеңесінің ережелеріне тоқталды.

"Жаңа құрылымның және төрағаның белсенді рөлінің нәтижесінде ақсақалдар кеңесі Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттер арасындағы тығыз ынтымақтастық пен интеграциялық процесті дамытуда белсенді және жетекші рөл атқаратын болады. Кеңестің әр ақсақалы әртүрлі салаларда терең білімге ие, көптеген жылдар бойы мемлекеттік және қоғамдық қызметтерде жұмыс жасаған. Біз осы үлкен әлеуетті тиімді пайдалануымыз керек. Сондықтан алдағы кезеңде түркі әлемін одан әрі дамыту және өзара байланысты тереңдету мақсатында қызметімізді кеңейтетін боламыз,"- де түйіндеді Әміреев.

Еркін сауда туралы көпжақты келісім

Әміреев Түркі инвестициялық қорының салынатынын атап өтті. Қордың көлемі 1 миллиард долларды құрайды. Оның 500 миллион долларын ТМҰ-ға мүше мемлекеттер қаржыландырады, ал қалған 500 миллион доллар сыртқы көздерден құрылады деп хабарланды.
 

Жаңалықтар