Қытай және Орталық Азия мемлекеттерінің дипломатиялық қарым-қатынастарының орнағанына 30 жыл толуына арналған онлайн саммит өтті.

Іс-шараға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, сондай-ақ ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин қатысты.

27 Ocak 2022 12:10

Дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай Орталық Азия мен Қытай Халық Республикасы мемлекет басшыларының ұжымдық кездесуі онлайн режимінде өтті.

Тараптар Орталық Азия елдері мен Қытай арасындағы өзара іс-қимылдың кең спектрі туралы, сондай-ақ көпжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту жөнінде пікір алмасты.

ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Қытай мен Орталық Азия елдері соңғы 30 жылда халықаралық қатынастар үшін үлгі болып табылатын жақсы қарым-қатынастарды дамытқанын атап өтті. Ол сәттіліктің сыры қиын кезеңдерде бір-бірін құрметтеу, тату көршілік, ынтымақтастық екенін атап өтті.

"Халықаралық жағдайлар қаншалықты өзгерсе де, Қытай қаншалықты дамыса да, біз Орталық Азия елдерінің сүйенетін жақсы көрші, серіктес және бауыры боламыз," - деді Си Цзиньпин.

ҚХР Төрағасының айтуынша, соңғы 30 жыл ішінде Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы сауда айналымы 100 есе артып, Бейжіңнің аймақ елдеріне тікелей инвестициясы 14 миллиард долларға жетті.

Сонымен қатар Си Цзиньпин Орталық Азиядағы шетелдік күштердің төңкеріс ұйымдастыруына қарсы екенін мәлімдеді.

Қазақстандағы соңғы оқиғаларға сілтеме жасай отырып, ол: "Қытай Қазақстанның тұрақтылығын және зорлық-зомбылықтың тоқтатылуын қолдайды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен батыл, еңбекқор және мейірімді қазақ халқы жарқын болашаққа сенімді қадам жасайды деп сенемін," - деді.

Жаңалықтар